Жаңалықтар
Топ-5: Қазақстандағы ең танымал тарихи орындар мен ескерткіштер
- авторjambylinfo.kz
- 18 сәуір, 2023
- 717
Топ-5: Қазақстандағы ең танымал тарихи орындар мен ескерткіштер
Бүгін, 18 сәуір - халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осыған қарай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі үздік бестіктегі тарихи орындар мен ескерткіштерді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1. ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – еліміздегі ең танымал тарихи орындардың бірі және Орталық Азия аумағындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті туындысы.
Әмір Темірдің басшылығымен XIV ғасырда салынған кесене халқымыз үшін киелі орын саналады. Ясауи кесенесінің маңына 24 хан, сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің биіктігі 39 метр. Ғимарат бір бірімен түрлі дәліздер арқылы жалғасып жатқан 35 бөлмеден тұрады. Орталық бөлмеде көне жәдігер - Тайқазан орналасқан.
2. ТАҢБАЛЫ КЕШЕНІ
Көне дәуірден сыр шертетін Таңбалы тастар еліміздің аса маңызды тарихи мұраларының бірі. Ол – Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген тұңғыш ескерткіш.
Таңбалы кешеніндегі петроглифтердің төрт мың жылдық тарихы бар. Ал суреттердің жалпы саны 5000-ға жуықтайды.
Жартастағы суреттер ертедегі адамдардың қоршаған әлемді қабылдауын көрсетеді, дүниетанымын танытады. Петроглифтер белгілі жүйемен және философиялық, танымдық бірізділікке негізделген.
3. АҚЫРТАС САРАЙ КЕШЕНІ
Қойнауы құпияға толы Ақыртас сарай кешені VIII-XII ғасырларда салынған. Қабырғаларына қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан асады.
Ғалымдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешенін араб деректерінде кезігетін, Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деп болжайды.
Аумағы 2,5 жарым гектар жерді алып жатқан бұл нысанның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы, кіреберіс қақпалары, ортада жарты гектар ашық алаңы болған.
4. «ЖАРКЕНТ МЕШІТІ» СӘУЛЕТ-КӨРКЕМӨНЕР МУЗЕЙІ
Жетісудың жауһары, сәулет өнерінің тағы бір керемет туындысы - «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі. Шегесіз салынған бұл мешіт 1887-1892 жылдар аралығында бой көтерген.
Құрылыс жұмыстары Бейжіңнен шақырылған қытай маманы, инженер – Хон Пиктің басшылығымен жүргізілген.
Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған дуал қоршау енеді.
5. АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ
Айша бибі кесенесі — ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші.
Ойып жасалған өрнектердің көркемдігі мен сан түрлілігі жағынан басқа мемориалдық-дәстүрлі ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ.
Кесене туристерді тек ерекше сәулетімен ғана емес, сонымен қатар Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат хикаясымен де қызықтырады.
Қазақстанда 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар. Оның ішінде 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде, 12 463 ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие.
«Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта тағы 6 тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосуды жоспарлап отыр»,-делінген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі таратқан ақпаратта.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/top-5-kazakstandagy-en-tanymal-tarihi-oryndar-men-eskertkishter_a4057987
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз