Wildberries-ке инвестиция салуға үгіттеген күдікті Дубайда ұсталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 шілде, 2025
- 233

Wildberries-ке инвестиция салуға үгіттеп, алты азаматты алдаған күдікті екі жыл бойы іздеуде болды. Ақыры ол Дубайда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір тергеу изоляторында, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің көмегімен Дубай қаласында ұсталған азаматты елге қайтарды. Ол Қазақстанда алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2022-2023 жылдары Алматы қаласында «Wildberries» компаниясына инвестиция құю туралы ұсыныс жасап, сыйақы беремін деп алты азаматты сендірген. Алайда ол азаматтардың ақшалай қаражатын заңсыз иемденіп, жәбірленушілерге ірі көлемде материалдық зиян келтірген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып кеткен. Ол екі жыл бойы халықаралық іздеуде жүріп, 2024 жылдың сәуірінде Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында қолға түсті.
Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сұрауы бойынша күдікті экстрадицияланып, елге жеткізілді. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күдіктіге тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.