жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 18:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ»

«ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ»
ашық дереккөзі
«ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ»
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы және партияның Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен  «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті.  width= Әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған форумға ауылдық жерде тұратын әйелдер, үй шаруасындағы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, көпбалалы аналар, бюджеттік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер, депуатттар, қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларынан арнайы қонақтар келді. Олардың арасында үй шаруасында жүріп-ақ елге танылған азаматшалар да бар. Қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған форумды «Анаға тағзым» орталығының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали ашып, жүргізіп отырды. Спикер өз сөзінде, кез келген қоғамда әйел-ананың орны ерекше, оларға деген ықылас та, ниет те өзгеше екендігін тілге тиек етіп, соның бір болмыс-нышанын өз алдына іргелі мемлекет болып отырған біздің елімізден де көруге, байқауға болатынын жеткізді. Бүгінгі өткізіліп жатқан форум әйелдердің ел дамуындағы рөлін айықындайтын бірегей іс-шара екендігін де баса айтты. Жиында алғаш болып «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов сөз тізгіндеп, әйел азаматшаларының қоғамда алар орнына тоқталды. Сондай-ақ, ол партияның бірқатар жобаларында нәзік жандылардың маңызы зор екенін баса айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. – Олардың қоғамдағы ролін арттырып, тиісінше әлеуметтік көмектер көрсету бойынша жобалар, іс-шаралар атқарылуда. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында әйел азаматтарына, оның ішінде көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмектер көрсетіліп келеді. Бүгінгі мемлекет саясатының басым бағытының бірі – ауылдарды дамыту, соның ішінде ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру, қоғамдағы рөлін қалыптастыру. Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты Ұлықтау рәсімінде Ауылдарды дамыту жөніндегі жарлыққа қол қойылған болатын. Бұл ауылдағы азаматтарымыздың жағдайын жақсатып, ауылда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда. Осы шаруаны іске асыруда әйел азаматтарымыздың белсенділігі маңызды. Осы ретте, кәсіпкер, шаруа қожалық жетекшілері, мұғалімдер, дәрігерлер, жалпы ауылдағы әйел азаматтарының басын қосып, олармен тәжірибе алмасуға, кәсіби қарым-қатынасты жолға қоюға мүмкіндік беру өте маңызды. Биылдан бастап «AMANAT» партиясы мен Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Аталған жоба ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында іске асырылатын болады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Мұнан соң ҚР Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова әйелдің қоғамдағы орны ерекше, олар ұлттың ұйытқысы, тәрбиенің көзі, сүйіспеншілік пен сыйластықтың арқауы болып қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар форумда түрлі сериалдар арқылы елімізге танымал болған актриса Дариға Бадықова сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, әйелдердің ел дамуында алатын орны жоғары екендігін жеткізді. Бұдан өзге, «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы»  ҚБ-нің төрағасы, «Лештаева» ЖК директоры Меруерт  Лештаева «Бизнестегі әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер» туралы баяндама жасады. – Бүгінгі күрделі экономикалық жағдайда Қауымдастық мүшелері бәсекеге қабілеттілік бойынша білім мен дағдыларды арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Біз консультациялық көмек көрсетеміз, бизнестегі әйелдерді оқыту бағдарламаларын өткіземіз. Біздің дамып келе жатқан бағдарламаларымыздың бірі – «Тәлімгерлік». Онда тәжірибелі кәсіпкер әйел тәлімгер, ал жаңадан келген кәсіпкер тәлімгер ретінде әрекет етеді. Бұл екеуіне де тиімді серіктестік. Өткен жылы көп балалы аналар арасынан ісін жаңа бастаған кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған «Білгеніңмен бөліс!» атты тәлімгерлік жобасы ретінде Қауымдастығымыздың жаңа бағдарламасы іске қосылса, биыл бұл жұмыс жалғасын тапты. Небәрі үш жылдың ішінде біз 7 ірі жобаны аяқтап, әртүрлі санаттағы 158 әйелді түрлі тренингтер мен шеберлік сабақтарымен қамтыдық, – дейді М.Лештаева. Сондай-ақ, аталған форумда «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Динара Кәрібаева «Әйел денсаулығы-салауатты қоғамның негізі», Бай-Нұр» ШҚ-ның басшысы, Қордай аудандық мәслихатының депутаты, көп балалы ана-кәсіпкер Айман Әшімова «Аграрлық секторды дамытудағы әйел фермерлердің рөлі», Асемова» ЖК директоры, қолөнерші Гүлмира Әсемова «Бизнестегі әйел қолөнершілер», «Фаринат тәттілері» ЖК директоры Фариза Ақназарова «Табыстың кілті табандылық», «Сиргелбекова Сабыркөл» ЖК директоры Сабыркүл Сиргелбекова «Кедергілерден өтіп табысқа жету» тақырыптарында баяндама жасады. Мінберге көтерілген нәзік жандылардың барлығы өмірде қанша қиындық көрсе де еш мойымай, бастаған істерін соңына дейін жеткізген табысты азаматшалар. Жалпы, ауыл-ауылдардағы түрлі салада қызмет етіп жүрген әйелдердің басын қосқан форумда әлеуметтік-демографиялық прогрессті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөлі талқыланды. Экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешуге және өзін-өзі бағалауды, жеке өзін-өзі дамытуды арттыруға арналған баяндамалар жасалды. Тақырып аясында түрлі бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылды. Онда әр салада табысты еңбек етіп жатқан әйелдердің өмірі көрсетілді.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар