сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 1:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ғылым мен инновация – жаңашылдық арқауы

Ғылым мен инновация – жаңашылдық арқауы
ашық дереккөз
Адамзат тарихындағы барлық табысқа білім мен ғылымның арқасында қол жеткені шындық. Қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз ешбір мемлекет әлемнің озық еліне айналмасы анық.

Бұл туралы Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында: «Қазақстан ғылыми прогресті анықтайтын алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы қажет. Бұл мақсат қиын болып көрінгенімен, оған жетуге ұмтылуы керек. Қазақстанда ғылыми әлеуеті жоғары мектеп пен білікті ғалымдар бар. Мемлекет тарапынан да ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемін ұлғайту және тетіктерін жетілдіру, ғылыми ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғырту, шетелде тағылымдамадан өтетін жас ғалымдардың санының ұлғаюы, докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінген гранттар саны артып жатыр», – деген болатын.
Әрине, Президент атап өткендей, еліміздің жас ғалымдарға жасаған қамқорлығының арқасында қазақстандық ғылымның көкжиегі кеңейіп, ел дамуына үлес қосып жүрген жастардың қатары көбейді. Солардың бірі – Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Жаратылыстану» факультетінің «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының оқытушысы Айнұр Ермекова.
Айнура Сайланбекқызы 1995 жылы 9 маусымда Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Сарыкемер ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияны үздік бітірген соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз гуманитарлық университетіне «Химия» мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейіпкеріміздің ғылымға келуі балалық шағынан қалыптасқан ұстаз болу мен түрлі химиялық заттарға қызығудан туған екен.
– Барлық бала арманшыл болады ғой. Сол арман баланың болашағына бағыт береді екен. Алтын ұя мектептің құшағында алаңсыз асыр салып ойнап жүргенімізде, ақылын айтатын, сыныпта тақта алдында тұрып бар сабақты байыппен түсіндіретін мұғалімдер жүрегіме ерекше әсер еткен болар, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақта жауапкершілігі мол, абыройы асқақ ұстаз боламын деп серт еткен едім. Сол шақтарды ойласам, бір күліп аламын. Себебі өзімді кішкентай ұстаз сезініп, ауылдас көршілерімнің балаларын үйге әкеліп, сабақ оқытатынмын. Түрлі сабын ұнтақтарының химиялық қоспаларына қарап қызығатынмын. Жалпы бұл қоршаған орта ғылым мен білімнің арқасында дамиды. Сол себепті ғылым жолын таңдадым. Барлық адамның табысқа жету үшін жақындарының қолдауы ауадай қажет. Ал менің ғылымға және ұстаз болуға деген құштарлығыма ардақты анам айрықша қолдау көрсетті. Ол ылғи: «Сенің ғалым болып көпке танылғаныңды, халқыңа қызмет еткеніңді қалаймын», – дейтін.. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп хакім Абай айтпақшы, келешекте қазақтың каракөздерін ғылым жолына бағыттасам деген ниетпен шаһар төріндегі Тараз университетінде «Химия» мамандығы бойынша білім алдым, – дейді Айнура Сайланбекқызы ағынан жарылып.
Талапты жас үлкен оқу ордасының табалдырығын аттаған күннен бастап түрлі ғылыми жобаларға, халықаралық және отандық конференцияларға белсене қатысып, түрлі ғылыми конференцияларда марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ химия ғылымдарының кандидаты, профессор А.Асановтың жетекшілігімен «Титан оксиді гидродисперсиясы тұрақтылығының азотты функционалды полиэлектролиттердің қатысында өзгеруі» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын сәтті қорғап, «жаратылыстану ғылымдарының бакалавры» дәрежесін алды. Сонымен қатар оқуда озат болған ол 2017 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз гуманитарлық университетіне «6М060600-Химия» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа оқуға түседі. Сол жылдары магистратуралық білім беру бағыты үш тілде жүргізілген екен. Сондай-ақ Айнура Сайланбекқызы «Ауыспалы металдар иондарының сазды бөлшектердің амид, карбоксид немесе амид-амин функционалды топтарының әсері» тақырыбында халықаралық мақалалар жариялап, 2019 жылы аталған оқу ошағының жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанады.
–Біле білген адамға ғылым адамзаттың айналасында болып жатқан дүниелерді түсінуіне кедергі келтіретін, шынайы ақиқатты тануға бөгет тудыратын сауатсыздық пердесін жояды. Сол себептен білімімді одан әрі шыңдау үшін 2019 жылы тағы да Тараз университетіне өзім қатты жақсы көретін «Химия» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша грантқа түстім. Мен өзімді ұстаздан жолы болған шәкіртпін деп санаймын. Себебі отандық ғылыми жетекшім ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессор, постдок Тілеуберді Ербол, ал шетелдік жетекшісі Берлин техникалық университетінің профессоры Frank Behrendt (Германия) бекітілген болатын. Сол жылдардағы докторлық диссертациямның тақырыбы «Дәстүрлі емес көмірсутек шикізатынан синтетикалық мұнай алу» деп аталады. Жалпы ғылыми-зерттеу жұмысымның басым бағытын Алматы қаласына орналасқан жану проблемалар институтының «Мұнай-химия процестері» лабораториясында зерттедім. Бұл ғылыми жұмыс негізінде отандық ғылыми журналдар басылымдарына 3 мақала және шетелдік конференцияларға мақалаларым жариялаған болатын. Болашағымыздың беталысын белгілі бір деңгейде ғылым айқындайды. Болашақтың тағдырын технология айқындайтын болса, оның тетігін мықты ғылыми сауатты жандар игеруі қажет, – дейді жас ғалым.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар