сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 0:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаратылыстану ғылымының көкжиегі кең

Жаратылыстану ғылымының көкжиегі кең
ашық дереккөз
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында университеттердің білікті маман даярлау ісіне баса мән берді.

– Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.
Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек, – деді Президент құнды құжатта.
Әрине, кез келген мемлекеттің дамуы білікті мамандарына байланысты. Бұл тұрғыда егемендік жылдары қыруар шаруа атқарылғаны сөзсіз. Сан салаға серпін беретін мықты мамандар даярлауға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің де қосып отырған үлесі сүбелі.
Аталған оқу ордасы 1958 жылы облыс орталығында ашылған Қазақ химия-технология институтының филиалынан бастау алады. Бұл жоғары оқу орны Тараздағы қант, ет комбинаттары, Жамбыл аяқ киім фабрикасы сияқты жеңіл және тамақ өнімдері өнеркәсіптерін мамандармен қамтамасыз ету мақсатында ашылған еді.
Институт филиалы өз жұмысын бастаған күннен бері облыстың, оңтүстік өңірінің, тіптен республикамыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалының дамуына оң септігін тигізетінін көрсетті. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласында дайындалған мамандар еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет ете бастады. Жоғары оқу орны дайындайтын мамандарға республикамыздың әр аймағынан сұраныс көбейе түсті. Осыған байланысты 1963 жылы филиал Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институты ретінде шаңырақ көтерді. Тәуелсіздік таңы атқан тұста оқу ошағының көкжиегі кеңейіп, ғылымы жан-жақты дамыды, бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, институт ғалымдары ғылым үрдісінде бірқатар жаңалыққа қол жеткізді. Сондай-ақ материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен толықтырылды. Сонымен қатар университет музейі ашылып, бүгінгі заман талабына сай жабдықталды. Мұражайға 1 500 данаға жуық экспонат қойылып, университет қонақтарының көз тоқтата қарайтын рухани орталығына айналды. Осының барлығы студенттердің рухани дүниетанымына ерекше әсер етіп, оқу, ғылым үдерісінде де жаңа жетістіктерге қол жеткізілді.
Бұған қоса еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып оқу үдерісіне оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. Заман талабына сай университетте жаңа құрылымдар өмірге келіп, жаңаша бетбұрыс алды.
Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ретінде қайта құрылған білім ордасы қоғамға қажетті бірқатар мамандық бойынша мамандар даярлауда. Солардың ішінде «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің маңызы зор. Жаратылыстану дегеніміз – табиғатты зерттеумен айналысатын ғылымдардың жиынтық атауы, табиғат феномендері мен олардың өркендеуімен шұғылданатын ғылымдар жүйесі.
Жалпы ежелгі жаратылыстану ғылымдары табиғатты жете зерттеуге байланысты Мысыр мен Месопотамияда алғаш рет қалыптасып, көне Грекияда арнаулы ғылымдар ретінде зерттеле бастаған. Ал орта ғасырда Парсы және Түркі жұртында кең қолдау таба бастады.
Бұл ғылымның ауқымы түрлі табиғат нысандарын (ғарыштық жүйеден бастап микродүниеге дейін), дүниенің жалпы қасиеті мен құрылымын, тірі табиғатты, біздің планетамыздан тыс жатқан нысандарды және Жерді қамтиды. Жаратылыстану әуелден ғылыми дәлдігімен және жүйелілігімен, екіншіден, табиғат қорларын пайдалану құралы ретіндегі өзінің практикалық мәнімен ерекшеленеді.
Заман ағымына сай жаратылыстану ғылымының да көкжиегі кеңейіп келеді. Бүгінде университеттегі «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің басты мақсаты – қоғам дамуына үлес қоса алатын, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындау. Ал оның міндетіне жаратылыстану ғылымдары саласындағы мамандарды халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейде даярлауды қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, әлемнің жетекші ғылыми орталықтары және ұйымдарымен ынтымақтасу және халық арасында жаратылыстану білімін насихаттау кіреді. Осы арқылы оқу ордасы педагогикалық білім беруді жаңғырту, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізуді көздеп отыр.
Қазіргі уақытта жаңғырту міндеттерінің бірі – жоғары академиялық білімі, кәсіби дағдылары мен құзыреттері бар, қазіргі заманғы мектеп жағдайында білім алушылардың зияткерлік мүмкіндіктерінің кең спектрін дамытуға қабілетті, зерттеулер мен өз әріптестерімен өзара іс-қимыл жасау арқылы өзін-өзі жетілдіруге дайын мұғалімдерді даярлау жүйесін дамыту.
Бүгінгі таңда факультетте бакалавр бойынша «6В01501-Математика мұғалімдерін даярлау», «6В01502-Физика мұғалімдерін даярлау», «6В01503-Информатика мұғалімдерін даярлау», «6В01504-Химия мұғалімдерін даярлау», «6В01505-Биология мұғалімдерін даярлау», «6B01506-География мұғалімдерін даярлау», «6В01507-Химия және биология мұғалімдерін даярлау», «6В01510-Физика және информатика мұғалімдерін даярлау», «6В05111-Медиктік-биологиялық іс», «6В05112-Жалпы биология», «6В01512-География және тарих мұғалімдерін даярлау», «6В01601-Тарих мұғалімдерін даярлау» мамандықтары бойынша білім беріледі. Ал магистратурада студенттер математика, физика, информатика, биология, химия, тарих педагогтары даярланып, жалпы биология бойынша тәлім беріледі. Сондай-ақ докторантурада жас ғалымдар «8D01502-Физика педагогтарын даярлау» бойынша оқытылады.
Сонымен қатар факультетке қарасты «ArduinoUNO», «Lego Mindstorms EV3» робототехника, «Инновациялық технологиялар», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Радиоэлектроника», «Механика», «Электро және магнетизм», «Молекулалық физика», «Биологияны оқыту әдістемесі», «Қолданбалы биология», «Жалпы және бейорганикалық химия», «Физикалық және аналитикалық химия» және «Органикалық химия және синтез» зертханалары жұмыс істейді.
Сондай-ақ «Биология» кафедрасының жылыжай кешенінде әртүрлі инновациялық технологиялар пайдаланылады. Соның бірі – су үнемдеу, яғни тамшылатып суару технологиясы. Сонымен қатар мұнда өсімдіктерді топырақсыз өсіруге болады. Ол үшін ағаш үгінділері немесе кокос субстраттары қолданылады. Бұл эксперименттік жұмыстар жүргізу үшін өте пайдалы болып отыр. Бұған қоса, «Жылыжай» эксперименттік учаскесінде білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндіктері мол.
Айта кетер жайт, оқу орнында ғылымның соңғы сұраныстарына арнаулы аспаптар қолданылады. Соның бірі – спектрофотометр. Ол – жарық толқынының ұзындығына байланысты екі монохроматты жарық ағымдарының интенсивтіліктерінің қатынасын өлшеуге арналған оптикалық аспап. Аспап жарық көзінен, монохроматордан, жарық қабылдағыштан және тіркеу құрылғысынан тұрады. Аталған құрылғы әртүрлі денелердің 0,185…200 мкм диапазонда нұр шашу, сіңіру және шағылыстыру қабілетін өлшеу үшін пайдаланылады. Ал «SOPTOP EX30» зертханалық микроскобында 22 мм окулярлардың кең көру өрісі бар. Микроскоп бинокулярлы немесе тринокулярлы түтікпен жабдықталған. Зертхананың міндеттеріне байланысты әртүрлі конфигурацияларда ұсынылады. Онда Rif модулі, фазалық контраст, поляризация және фотоаппаратта да, компьютерде де суретке түсіру мүмкіндігі бар цифрлық планшеттік камера қосылған. Препараттарды көруге толық мүмкіндік бар. Бұған қоса факультетте модульдік дизайн, флуоресценциямен, фазалық контрастпен, поляризациямен, қараңғы өріс режимдерімен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Модульдер жарық өріс режиміне негізделген. Ол клиникалық диагностика, патологиялық сынақтар, білім беру және өзге де мақсаттарда кеңінен қолданылады.
Тағы бір айта кетерлігі, «Химия» кафедрасы мамандандырылған арнаулы лабораториялар мен құрал-жабдықтармен қамтылған. Атап айтсақ, мұнда аналитикалық таразы, техникалық таразы, кептіргіш шкаф, муфель пеші, DR2800 спектрофотометрі, DR3900 спектрофотометрі, КФК3 концентрациялық электроколориметрі, HANNA фотометрі, су моншасы, құм моншасы, ИРФ24 рефрактометрі, ЭВ74 әмбебап иономері, ротациялық вискозиметр, прецизиондық таразы, рН-метр, шыны вискозиметр, магнитті араластырғыш, Вьюрц колбасы, электр плитасы, pH-160M иономері, кондуктометр солемер секілді жоғары технологиялық аспаптар бар. Сондай-ақ кафедрада оқудың инновациялық технологиясы енгізілген.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар