Ғылым және жоғары білім министрі мен Үндістан Елшісі ЕҰУ суперкомпьютерінің жұмысымен танысты
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 29 маусым, 2025
- 237

Ғылым және жоғары білім министрі мен Үндістан Елшісі ЕҰУ суперкомпьютерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Тхатипамула Венката Нагендра Прасад Ақкөл қаласындағы «Қазақтелеком» АҚ Деректерді өңдеу орталығында PARAM BILIM-2 суперкомпьютерінің жұмысымен танысты.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов суперкомпьютердің қызметі туралы айта келе, 2025 жылғы наурызда жаңғыртылған және іске қосылған суперкомпьютердің ғылыми және білім беру бастамалары үшін маңызды құралға айналғанын атап өтті.
Сонымен қатар ректор бүгінде «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлерін қоса алғанда, 60-тан астам маман, сондай-ақ ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің магистранттары, докторанттары мен оқытушылары суперкомпьютерде жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан өткенін айтты.
Айта кету керек, PARAM BILIM-2 суперкомпьютерін Үндістан мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес Үндістан C-DAC корпорациясы ЕҰУ-ға сыйға тартты, сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет басшысының Ұлттық өнімділігі жоғары есептеу инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау шеңберінде пайдалануға берді.