Жәнібектің жарқын жеңісі
Қазақ елінде таң арайлап атқан тұста АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында кәсіпқой бокстан үлкен жарыс өтті. Айтулы додада орта салмақта күш сынасып жүрген еліміздің маңдайалды былғары қолғап шеберлерінің бірі Жәнібек Әлімханұлы да өнер көрсетті.
Бұл жолы Жәнібек әлемнің экс-чемпионы Роб Брантпен жұдырықтасты. Маңызды бәсекеге қандасымыз тыңғылықты даярланды. Себебі, 30 жастағы АҚШ-тың Миннесота штатының тумасы осалдар санатынан емес. Кәсіпқой бокстағы өз карьерасын 2012 жылы бастаған ол сол кезден бері 28 мәрте рингке көтеріліп, 26 рет өзінің мықтылығын мойындатты. 18 қарсыласын ол ұрып жықты. Бранттың жұдырығының жойқын екенін сезінгендер арасында колумбиялық Данисио Миранда, америкалық Декарло Перес пен Крис Фицпатрик, жапониялық Рёта Мурата, ресейлік Хасан Байсангуров, украиналық Виталий Копыленко және тағы басқа танымал боксшылар бар.
Сәтсіз өткен екі жекпе-жегі жайында айтсақ, «Браво» деген бүркеншік есімді иеленген сақа спортшының алғашында германиялық Юрген Бремерге әлі жетпеді. Брант неміс боксшысынан осыдан төрт жыл бұрын Шверин қаласында ұпай санымен ұтылды. 2019 жылдың жазында ол Рёта Муратамен қайта қолғап түйістірді. Бұл жолы жапон жігіті америкалықты екінші раундта ұрып жықты. Сол бәсекеде «Браво» WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырылды. Міне, Жәнібекке осындай сақа спортшымен жұдырықтасуға тура келді.
Лас-Вегастағы жекпе-жекті Жәнібек Әлімханұлы өте сауатты өткізді. «Қазақ стилін» күллі әлемге танытамын деп құлшынып жүрген өреніміз асықпай-аптықпай жүріп-ақ көздеген мақсатына қол жеткізді. Бәсеке барысында оның жойқын соққылары қарсыласына жиі дарыды. Содан секем алып қалса керек, Бранттың тарапынан жасалған бірде-бір есте қаларлық шабуылды көре алмадық. Уақыт өткен сайын ұпай санын еселеген қандасымыз алтыншы раундта Робты қатты есеңгіретіп тастады. Одан кейін де Әлімханұлының басымдығы анық байқалды. Бәсеке дәл осындай «сценариймен» өрби беретін болса, сау-тамтығы қалмайтынын жіті түсінген АҚШ боксшысы сегізінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Сөйтіп, кезінде әуесқойлар арасында әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен 28 жастағы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі 10 жеңісіне қол жеткізді. Сол кездесулердің алтауын мерзімінен бұрын аяқтады. Кеше өткен жарыста оның өнеріне сүйісінген АҚШ-тың әйгілі менеджері Эгис Климас «Жәнібектің жұдырықтасу мәнері керемет. Нағыз Qazaq Style деп айтуға тұрарлық. Осыдан бірер күн бұрын бапкері Бадди Макгиртпен сөйлескенімде, ол өз шәкіртінің үлкен додаларға дайын екенін айтқан еді. Сол сөздің растығына менің де көзім жетті», – деп ағынан жарылды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала