Жақында Байзақ ауданында автоклавты газобетон өндіру зауыты іске қосылады - Ербол Қарашөкеев
- авторjambylinfo.kz
- 21 тамыз, 2024
- 455
Жақында Байзақ ауданында «KazGazBlock» ЖШС-ның бастамасымен
автоклавты газобетон өндіру зауыты іске қосылады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Facebook- тегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әкімнің жазуынша, өндіріс толық қуатына шыққан кезде жылына 100 000 текше метрге дейін өнім шығарады деп күтілуде.
"Жаңа өндіріс ошағында 64 жұмыс орны құрылады. Мемлекет аталған бизнес жобаны электрмен жабдықтауға 61,1 млн.теңге, газдандыруға 22,7 млн.теңге қаржы бөлді. Автоклавты газобетон өндіру зауыты өңірдің құрылыс индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазірдің өзінде жергілікті компаниялар өнімдерге тапсырыс беріп жатыр", - деп жазды Ербол Шырақбайұлы.
Аймақ басшысы бұл жоба Мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтуге, жаңа жобаларын іске асыруға қолдау көрсететіндігінің тағы бір дәлелі екенін алға тартқан.
"Біздің түпкі мақсатымыз – тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы барлық салада оң өзгерістерге қол жеткізу. Өңірде қалыптасып келе жатқан жобалар пулы қолайлы инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Облыстың 2027 жылға дейінгі инвестициялық қоржынында құны 2,5 трлн теңге болатын 70 жоба бар, бұл қосымша 6,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс ошағын ашу жоспарланса, бүгінде 134 млрд.теңгенің 6 жобасы іске қосылды", - деп жазған облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылай келе, өңірде тұрақты инвестициялық ахуал қалыптасқанын сеніммен айтуға болатынын, негізгі капиталға 196,3 млрд.теңге тартылғанын атап өткен.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз