Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясы: Маңызды мәселелер талқыланды
- авторjambylinfo.kz
- 19 наурыз, 2025
- 116

Жамбыл облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – жергілікті бюджеттің тиімді игерілуі және салық түсімдерін ұлғайту болды. Бұл бойынша Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасады.
-Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістер мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға бағытталған. Бұдан былай бюджеттік бағдарлама әкімшілері тек қаржы игерумен шектелмей, тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты болады. Бұл бюджетті жоспарлау мен атқаруда нәтижеге бағдарланған тәсілді күшейтеді.
2023 жылдан бастап бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мақсатында өңірлік стандарттар жүйесі енгізілді. Бұл жүйе өңірлер арасындағы теңгерімді сақтап, нақты көрсеткіштер негізінде қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Өңірлік стандарттар халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған 56 көрсеткішті қамтиды. Осы жүйе 2026 жылдан бастап бюджет қалыптастырудың негізгі элементіне айналады.
2025 жылға арналған облыстық бюджеттің өзіндік кірістері 2024 жылмен салыстырғанда 21%-ға артып, 103 млрд теңге көлемінде бекітілді. Оның 49,2 млрд теңгесі – табыс салығынан түсетін түсімдер. Ал 2026 жылдан бастап жаңа бюджет құрылымы енгізілген жағдайда, табыс салығы аудандық деңгейге беріледі, бұл аудан бюджеттеріне 49 млрд теңге қосымша түсім әкелмек. Бірақ облыстық бюджетке түсетін кіріс 34 млрд теңгеге қысқарады.
2024 жылы Жамбыл облысының бюджет кірістері 701 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 53,8 млрд теңгеге немесе 8,3%-ға артық. Өзіндік кірістер 179,6 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 19,2%-ға өсті. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 26,2%-ға дейін ұлғаяды деп болжануда, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сессия барысында облыстық мәслихаттың экономика, жергілікті өзін-өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және өңірдегі әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін айқындау туралы мәселелер қаралды.
Медициналық қызмет көрсету саласында да маңызды шешімдер қабылданды. Облыс азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде қосымша тегін медициналық көмек көрсету жайлы ұсыныстар қолдау тапты.
Облыстық мәслихат үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бекіту мәселесін де талқылады. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық комиссияның жаңа құрамы бекітілді.
Сессияда Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамы жаңартылды.
Атап айтқанда:
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясы
Өнеркәсіптік даму жөніндегі үйлестіру кеңесі
Терроризмге қарсы комиссия
Сессия отырысында бірқатар халық қалаулылары жұршылықты алаңдатқан мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халық қалаулыларына көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптарын берді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Таразда «Қазақстан Барысы» іріктеу турнирі өз мәресіне жетті
- авторjambylinfo.kz
- 20 наурыз, 2025
Тоқаев Израиль президентімен телефон арқылы сөйлесті
- авторСадуақас Айсұлу
- 20 наурыз, 2025