Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 27 мыңнан астам адам қатысты
- авторjambylinfo.kz
- 29 сәуір, 2024
- 656
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» шағын ауданының аумағында Тараз қаласының тұрғындарымен бірге ағаш отырғызды. Бұл күні 125 түп қарағаш, 100 түп емен, 170 түп терек, 101 түп шырша көшеті егілді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
27 мыңнан астам жамбылдық қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға өз үлестерін қосты, оның ішінде кәсіпорын мен әлеуметтік нысанның 5 222 қызметкері бар. Аумақты абаттандыру бойынша 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, 1400-ге жуық аула, 8300 шаршы метр су жүйелерінде тазарту жұмыстары жүргізілді.
Облыс бойынша биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 57 100 көшет отырғызылды, 809,4 шақырым арық және канал, 3 102 шақырым көше, 1,1 млн шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазартылды, 4 280 тонна қоқыс шығарылды. 53 субұрқақты іске қосу шаралары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жалғастыру үшін 25 бірлік техника сатып алу жоспарлануда.
Сондай-ақ, облыс бойынша 469,6 шақырым жол жөнделеді. 228 көше (Таразда 76 көше) жарықтандырылады. Биыл облыс орталығындағы 10 шағын аудан мен Қарасу тұрғын алқабының аулалары толығымен жарықтандырумен қамтылады.
Аймақ басшысына Тараз қаласын одан әрі көгалдандыру және абаттандыру жобалары баяндалды. Шаһарда ағаштарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мәліметтер негізінде ұтымды суару жүйесін ұйымдастыруға көмектесетін дендрокарта жасалмақ.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүруде. Президент қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, бизнес өкілдері, студенттер экологиялық акцияға белсенді қатысуда, — деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салу жобаларының ажырамас бөлігі болуы тиіс екендігін баса айтты.
Ағымдағы жылы облыста 56 көпқабатты тұрғын үйдің (2 909 пәтер) құрылысына 12,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша 54 үй (2 749 пәтер) пайдалануға беріледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алу жоспарлануда (республикалық бюджеттен, «Самұрық-Қазына» қоры). Бұдан бөлек, 14,2 мың орынға арналған 41 білім беру, 24 денсаулық сақтау нысанының, 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірдегі аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі экологиялық науқан жүйелі түрде жалғасады.
Айта кету керек, Президент тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы республика бойынша 8 сәуірде басталды. Акция бес аптаға созылып, әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады. 13 сәуірге дейін созылған бірінші аптаның атауы «Таза өлке» болды: осы «жеті күн» ішінде елді мекендердің тұрғындары, қоғамдық қызметкерлер, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартып отырды. 20 сәуірге дейінгі апта «Киелі мекен» деп аталады және тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған. 27 сәуірге дейін «Жасыл аймақ» тақырыбында ағаш көшеттері отырғызылып, ағаштар әктеледі. 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын жинауға және абаттандыруға арналады. Соңғы, бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» атауымен су қоймалары - өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз