Жамбыл облысының әкімі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
- авторИндира Тәліпқызы
- 27 маусым, 2024
- 480
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шараға журналистика ардагерлері, жергілікті БАҚ басшылары, республикалық, облыстық, аудандық газеттер мен телеарналардың қызметкерлері шақырылған, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Аймақ басшысы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екенін атап өтіп, журналистер халық пен билік арасындағы дәнекер екенін айтты.
«Сіздер қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Себебі, ақпарат ағыны – қоғамдық пікірді қалыптастыратын маңызды сала. Осы ретте, Шерхан Мұртазаның «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген ғұмырлы сөзі еске түседі. Бұл бүкіл ақпарат әлеміндегі журналистердің жұмысына берілген баға. Журналистика саласына артылар міндет пен жүктің жеңіл емес екендігін бір-ақ сөзбен аңғартса керек. Қашанда еңбектеріңіз табысты болсын»,-деген аймақ басшысы журналистерге жүрекжарды тілегін жеткізді.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев биыл өңірлік журналистика үшін тың жаңалықтарға толы жыл болғанын атап өтті.
«Биыл облыстық «Знамя труда» газетіне 105 жыл, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті мен «Меркі тынысы» газеттеріне 90 жыл және қазақ телевизиясының қара шаңырағы «JAMBYL» телеарнасына 35 жыл толып отыр. Атаулы мерейтойларды кең көлемде атап өту керек», - деді ол.
Сонымен қатар, әкім салтанатты жиында жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерін мемлекеттік наградалармен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.