Жаңалықтар
Жамбыл облысының тағы 10 ауылында пилоттық жоба жүзеге асады
- авторjambylinfo.kz
- 12 шілде, 2022
- 396
Жамбыл облысының тағы 10 ауылында пилоттық жоба жүзеге асады
Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы биыл тағы 10 ауылдық округте жүзеге аса бастайды. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.
Басқосуда алдымен коронавирустық инфекцияның алдын алу мәселелері қаралды.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және егу жұмыстары туралы баяндаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өткен тәулікте КВИ-дің 23 жағдайы (тәуліктік өсім 0,08%), пневмонияның 1 жағдайы (тәуліктік өсім 0,01%) тіркелгенін айтты.
Күнделікті ақпарат бойынша инфекциялық стационарларда – 30, оның ішінде реанимацияда 3 науқас ем қабылдауда.
Одан бөлек, КВИ өршіген жағдайда резерв ретінде 2 760 инфекциялық, оның ішінде 276 реанимациялық төсек орны ашылып, кезең-кезеңмен жұмылдырылатын болады.
Жалпы облыстағы 638 398 тұлға коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-ші компонентін, 632 595 тұлға 2-ші компонентін қабылдаған. Ал, ревакцинациядан 403 618 (83,0%) адам өткен.
Аймақ басшысы ревакцинация бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Облыс «Сары аймаққа» өтетін болса «маска режиміне» көшуге тура келетінін жеткізген Нұржан Нұржігітов барлық сақтық шараларын қазірден қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
- Бұл бағыттағы барлық жұмыстар бақылауда болып, апта сайын қаралады. Бұған дейін тәжірибені пайдалану керек. Осы мақсатта ашылған оңалту орталығы толығымен жұмыс істеуі тиіс,-деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мал жайылымы және қолдан ұрықтандыру мәселелері қаралды.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, жайылым жетіспеушілігін жою мақсатында ағымдағы жылы бірқатар жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, жайылым жерлер көлемін 418 мың гектарға ұлғайту қарастырылған десек, оның 107 мың гектары босалқы жерлер есебінен, 166 мың гектары 5 шақырымдық радиуыста орналасқан жерлер есебінен, 146 мың гектары игерілмеген жерлер есебінен қалыптаспақ.
- Біз ең алдымен «қоғамдық өріс» мәселесін шешуге тиіспіз. Мал басы көп шаруалар төрт-түлігін ауыл сыртына жайғаны дұрыс. Бұл үшін түсіндірме жұмыстарына барынша ден қою керек. Оған қоғам бірлестіктерін де тарту қажет. Бекітілген алгоритм және жайылымдарды пайдалануды реттеудің бес бағыты бойынша жұмыстарды күшейтіңіздер,-деді Нұржан Нұржігітов.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз