Жаңалықтар
Жамбылда IV тоқсанда 229 мектеп дәстүрлі форматта оқиды
- авторjambylinfo.kz
- 30 наурыз, 2021
- 219
Жамбылда IV тоқсанда 229 мектеп дәстүрлі форматта оқиды
Жамбыл облысында IV тоқсанда 229 мектеп дәстүрлі форматта оқытылатын болды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтып берді.
Жамбыл облысы жасыл аймақта болғандықтан, төртінші тоқсанда оқу үрдісі дәстүрлі және аралас форматта ұйымдастырылады. Жалпы облыстағы 442 мектеп бар десек, онда 238 682 оқушы оқиды. Бұған дейін ІІІ тоқсанда оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта оқыса, 49 пайыз қашықтықтан білім алған болатын.
Оқушылар үшін пандемия жағдайында бірыңғай мектеп формасын кию талап етілмейді. Ал оқу пәндерінің 70 пайыз дәстүрлі форматта, қалған 30 пайыз қашықтықтан оқытылады. Олардың қатарында алдыңғы тоқсандағыдай денешынықтыру, АӘД, өзін-өзі тану, кәсіпкерлік негіздері, көркем еңбек пәндері бар.
«Сыныпта балалар саны 25-тен және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әр түрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Кабинеттер арасында жүру, мұғалімдер бөлмесіне бару, сыныптан тыс іс-шаралар мен ата-аналар жиналыстарын өткізу шектеледі»,-деді Г. Ходжабергенова.
Жиында мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау жайы да айтылды. Алдағы мамыр мен маусымда 9-сынып оқушылары 3 емтихан тапсыратын болады. Оның ішінде оқыту тілі бойынша эссе, математикадан (алгебрадан), өзге тілдерде оқитын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан болады. Ал 11-сынып оқушылары 4 емтихан тапсырады. Соңғы сынып түлектерінен екі жазбаша, екі тестілеу алынады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала