сенбі, 31 мамыр, 2025 12:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері Бауыржан Момышұлының туған жерінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды

Жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері Бауыржан Момышұлының туған жерінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды
ашық дереккөз
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы жерінде «Міндет. Абырой. Ерлік» атты мерекелік іс-шара өтті.

Игі дәстүрге айналған тағылымы мол салтанатты шараға департамент басшылығы, ҚАЖ саласының және Ауған соғысының ардагерлері, жеке құрам қызметкерлері мен жас мамандардың ата-аналары қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен түндігі түрілген осынау жиында ең әуелі сөз алған департамент бастығы, әділет подполковнигі Жәнібек Қосжанов айтулы қос мерекенің ел тарихында алар орны айрықша екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде тәртіп сақшыларының қоғам тыныштығын қалтқысыз қамтамасыз етудегі кәсіби шеберлігі мен табандылығына тоқталып, сала ардагерлері мен әріптестеріне ризашылығын білдірді. 

– Ұлы Жеңістің 80 жылдық  мерекесі егемен еліміз үшін қайырлы, құтты болсын. Біздің бейбіт заманда ел қорғау бақытына ие болуымыз, қан майданда от кешкен майдангер бабаларымыздың арқасы екені белгілі. Демек, оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Жалпы, әрбір азамат үшін ең қымбат сезім – Отан қорғау сезімі. Бұл ретте қазақстандық жауынгерлер өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. Шын мәнінде, рухы мықты елдің қашанда жұлдызы жоғары болмақ. Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрдайым биік болсын, – деді Ж.Қосжанов.

Салтанатты жиын барысында ҚАЖ саласының қатарын толықтырған 60-ға жуық жас маман ант қабылдады. Бұдан бөлек, бұл күні қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, кәсіби шеберлігімен көзге түскен бірқатар қызметкерлер мен олардың ата-аналарына құрмет көрсетілді. Ал, жас мамандарға ер Баукеңнің қаламынан туған «Ұшқан ұя» кітабы сыйға тартылды. Мұнан соң, жиналғандар қазақ халқын әлемге танытқан қаһарман ұлдың мемориалдық мұражайын аралап, батырлық рухтан сусындаған Баукеңнің өмір жолымен танысуға мүмкіндік алды.

Шара соңы рухты әндер әуелеген концерттік бағдарламамен түйінделді.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар