дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 10:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Фото - ашық дереккөз
Оқыту лагері – жастарды қолдау тетігі

Сондықтан да елімізде жастарға арналған бағдарламалар, тың жобалар қолға алынып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Мәселен, бірнеше жылдан бері облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен жастарға арналған жазғы оқыту лагері өткізіліп келеді. Онда түрлі сала мамандарынан құралған өрендер бас қосып, өзара пікір алмасады. Биыл да дәстүрден жаңылмай облыстық оқыту лагері «BOLASHAQ JASTAR QUATY – 2024» атауымен Т.Рысқұлов ауданындағы «Тау қымыз» демалыс аймағында өтті.
Оқыту лагері, ең алдымен, облыс жастары арасында ауызбіршілік пен достық қасиеттерді арттыруды мақсат тұтты. Сондай-ақ негізгі мақсаттың бірі – өңір өрендеріне қолдау көрсете отырып, жастар саясатын дамыту, олардың көшбасшылыққа бет бұруына ықпал ету, бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдау.
– Оқыту лагерінің қызметі – жастар арасында зияткерлік әлеуеттің қалыптасуына ықпал ету, көшбасшылық қасиеттерді шыңдап, жастар саясатында жалпы жұмысты үйлестіруге баулу. Лагерьге жастар, волонтерлер, аудандық, қалалық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, қызметкерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Оқыту лагері жастардың есінде ұзақ уақыт қалатындай танымдық іс-шараларға толы болды. Өңір өрендері осында келгеннен кейін көп нәрсені танып-біліп кетсе, шыңдалса деген ниетпен осы іс-шараны ұйымдастырған болатынбыз. Өз мақсатымызды толықтай орындай білдік деп ойлаймыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуов.

Лагерьдің ашылуы салтанатты жағдайда өткенін де айта кеткен жөн. Мерекелік көңіл күй сезілген жиынға жастарды қолдау мақсатында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев арнайы қатысты. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Жомарт Зұлпықар да осы іс-шараның басы-қасынан табылды.Салтанатты сәтте Лесбек Құралбайұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда жастарға үлкен үміт артып, ел ертеңі ретінде сеніммен қарайды. Мемлекеттік басқару ісінде жастарды дайындау, олардың шеберліктерін шыңдау басты бағыттардың бірі. Облыс әкімі де жастардың тағдырына бейжай қараған емес.
Өздеріңіз білетіндей, өңірде жастар саясатына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Алғашқылардың бірі болып біздің облыста қолға алынған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы биыл да өз жалғасын табады. Жастарды жұмыспен қамту, еңбекақысын көтеру секілді мәселелер күн тәртібінен түспейді.
Бастамашыл жастардың  арамызда көп екенін айғақтайтын осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрған жөн.
Облыстың әр ауданынан жиналған, қоғамды алға жылжытатын белсенді жастар екі күндік лагерь барысында білімі мен біліктіліктерін арттырып, өзара тәжірибе алмасады деген сенімдемін. Байқасам, тау бөктеріндегі екі күндеріңіз текке өтпейді. Әр саланың үздіктері келіп, өздеріңізге медиа бағыты, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінен де дәріс оқиды, спорттық, интеллектуалдық жарыстар ұйымдас¬ты¬ры¬ла¬ды. Жастар лагерінің сіздерге берері көп болып, осы арқылы мемлекет үшін қызмет ететін дайын кадр толысып шығады деп үміттенемін, – деген Лесбек Ілебаев қатысушыларға өздерін толғандырған сұрақтары болса тыңдауға, жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Мұнан соң жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Облыстық жастар ресурстық орталығының «Уақытша бос жүрген жастар және жас отбасылармен жұмыс» бөлімінің басшысы Марал Хантөреқызы соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан облыс әкімдігі бас¬қар-ма¬лары¬ның бірігуі қаншалықты тиімді екендігін сұрады. Сонымен бірге екі басқарманың қосылуының жастар саясатына әсері қандай боларынан хабардар етуін өтінді. Сұраққа жауап берген Л.Ілебаев басқармалардың бірігуі жастарға пайдасын тигізбесе, зиян әкелмейтінін сөз етті.
– Бұл жөнінде сіздерге толық түсіндірме беріп еткен жөн болар. Сіздер дұрыс түсініңіздер. Біздің мақсат – жастар саясатын дамыту, жандандыру. Жастар саясатын жеке-дара қарауға болмайды. Себебі жастар саясатының қызметі үкіметтік емес ұйымдармен, волонтерлермен тығыз байланысты. Қазір жастарға үлкен көңіл бөлініп жатыр.
Бұған дейін мүндай қолдаулар болған емес. Сөзіме дәлел болсын, Президенттің өзі мемлекеттік басқару ісіне жас кадрларды көптеп тартуға мән беріп отыр. Соның арқасында отыз бес жасқа дейінгі жастарды Президенттік жастар кадр резервіне тіркеп жатыр. Облысымызда Президенттік жастар кадр резервінің екі мүшесі қызмет жасап жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Соның бірі – облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, екіншісі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Берік Манасов. Жастарды қолдау, тың бастамаларын жүзеге асыруға көмектесу, бастысы идеологияны дамыту мақсатында екі мекемені біріктіріп, «Ақпарат және қоғамдық даму» басқармасын құрдық. Жалпы идеология мәселесін қариялардан емес, жастардан бастауымыз қажет. Себебі ертең ел тізгінін ұстайтын осы жастар, – деді Лесбек Құралбайұлы.

Келесі кезекте Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба сөз алып, өз ауданында жастарға қатысты еш мәселе жоқ екенін тілге тиек етті.  – Шыны керек, бұрын жастар саясатында өзекті мәселелер көп болатын. Қазіргі таңда бұрын талай рет көтерілген жалақы мәселесі болсын, ресурс мәселесі болсын оң шешімін тауып жатыр. Жасыратын несі бар, бір іс-шара өткізудің өзінде қаражат таппай сабылған кезіміз көп болды. Қазір қаражат, кадр тапшылығы, техникалық база, барлығы да реттелді. Сондықтан аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан сұрайтындай бұйымтай жоқ, – деді Ж.Тоқсаба.

Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұхтар Қозбаев болса, жастардың әлеуметтік жобаларын қолдауға бағытталған «Zhas project» жобасы аясында жамбылдық жастарға тек 8 грант бөлінетінін, ол гранттың облыс үшін аз екенін айтты. Осы ретте орталық директоры жобаға қатысуға бір ғана Байзақ ауданының өзінен отыздан астам ұсыныс түскенін тілге тиек ете келіп, «Өз өңірімізде жобаның баламасын жүзеге асырсақ қалай болар екен?» деген ұсынысын ортаға салды. Бұл сауал бойынша облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпықар түсіндірме беріп өтті.
– «Zhas project» – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан, осал топтағы, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірегей жоба. Бұл жоба іске қосылған алғашқы жылы-ақ облысқа 8 грант аздық етерін жақсы түсініп, несие санын аттыруды сұрап аталған министрлікке хат жолдағанбыз. Алайда ол жақта екі жылға бірден ақша бөлініп қойғандықтан өзгеріс енгізу мүмкін емес болып шықты. Бірақ алдағы жылы қайта қаражат бөлер сәтте біздің өңірге бөлінетін гранттар санын көбейтеміз деп уәде етті. Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы да басқармалар толық бірігіп біткеннен кейін алдағы уақытта қайта жалғасады. Жастарға қолдауымыз қай кезде де тоқтамайды, – деді Жомарт Дүйсенұлы.

Сондай-ақ облыстық жастар ресурстық орталығы мамандарының айлық ақысы аз екендігі әрі аймақ жастарының, әсіресе волонтерлердің басын қосатын орталық жоқ екені айтылды. Сонымен қатар Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығы техникалық базасының  тозып тұрғаны сөз болды. Сол сияқты жастар тарапынан лудомания, есірткімен күрес әкімдік тарапынан бақылауға алынса деген ұсыныстар ортаға тасталды. Жастардың ой-пікірін, өтініштерін назарға алған Л.Ілебаев айтылған әр өтініш жерде қалмай, хаттамаға енгізілетінін жеткізді.Бағдарламаның екінші бөлігінде командалық жұмыстар ұйымдастырылып, жастар арнайы шақырылған спикерлердің семинар-тренингтеріне қатысты.
Семинар-тренинг барысында Ш.Мұртаза атындағы Баспасөз үйі «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің директоры, медиа-тренер Алмат Садуақас жаңа дәуірдегі жаңа медианың басым бағыттарына тоқталды.ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Бәйгебаев жастарға мотивациялық бағытта дәріс оқыды. Өңірлік жастар лагерінің екінші күнінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Фариза Төлентаева қонақ болды.
Екі спикер де бүгінгі қазақстандық жастардың жаһандану заманының жаңа сұраныстарына сай болуға, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолында жастарды еңбек етуге, мамандық таңдауға жауапкершілікпен қарауға, әмбебап маман болуға ұмтылуға шақырды.Шара барысында  қатысушылар 6 командаға бөлініп, оларға екі жетекшіден бекітілді. Командалар арасында тартысқа толы жарыстар ұйымдастырылды. Топтық рух қалыптастырып, кризистік ситуациялардан шығу жолдарын іздестіріп, логикалық және сыни ойлау дағдысын арттыруға бағытталған интеллектуалдық ойындар, есте сақтау қабілетін жақсарту мақсатындағы жаттығулар және спорттық жарыстар өткізілді.Қатысушылар өз кезегінде оқыту лагерінің жоғары деңгейде өткенін айтып, оң бағасын берді.
– Ел жастарының бойында ұдайы ізденіс, асқақ арман және ұлттық мүдде болуы тиіс. Бұл – бүгінгі заман талабы. Сондықтан ізденуден, оқудан, үйренуден жалықпай, дұрыс армандап, нақты мақсаттар қоя білу керек. Ең бастысы, барлық істе елдің мүддесі жоғары болуы үшін еңбек етуіміз керек. Облыстық оқыту лагері көптеген тың тақырыпты білуіме себепкер болды. Ұйымдастырушы тарапқа мың алғыс! – дейді оқыту лагеріне Шу ауданынан келген Серік Спанәлі.Оқыту лагерінің үшінші күні қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Жалынды жастар жабылу салтанатына куә болып, аталған лагерьге және оқыту шараларына қатысқандығын растайтын сертификаттар иеленді. Ал ең үздік деп танылған командаларға І, ІІ, ІІІ орын дипломдары, кубоктар, медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар