«Жастар тәжірбиесі» – жұмыссыздардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік береді
- авторСадуақас Айсұлу
- 16 қазан, 2024
- 522
"Жастар тәжірбиесі" 2009 жылдан бастап, жас мамандарға қолдау, үлкен көмек беріп келеді. Осы бағдарламаның арқасында ел бойынша өте көптеген жастар тұрақты жұмыспен қамтылды. 15 жылға жуық жастарға қызмет етіп келе жатқан бағдарламаның алдағы уақытта да жастарға шарапаты тиегері анық.
Бүгінде "Жастар тәжірбиесі" арқылы жұмысқа орналасқан жамбылдық жастар 110 760 теңге көлемінде жалақы алып жүр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қайраты тасыған жастардың екі қолға бір күрек таба алмауы кейде көңілге мұң ұялатады. Дегенмен жастарды жұмыспен қамту бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Әсіресе «Жастар практикасы» бағдарламасы жастардың тұрақты жұмысқа орналасып, қоғамнан өз орнын табуына үлкен септігін тигізуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – университет немесе колледж бітірген жас мамандардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмектесу. Еңбек өтілі жоқ жас маман жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнынан тәжірибе жинақтайды. Сәйкесінше бағдарлама арқылы тек табыс тауып қана қоймай, білікті мамандардың көмегімен өз мамандығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік ала алады. Премьер-министрдің экс-орынбасары Алтай Көлгінов бағдарлама аясында жастардың ауыр кәсіпорындар мен зиянды жұмыстарға жіберілмейтінін айтқан болатын.
– Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде 2023 жылы заң қабылданды. Оның бірнеше жаңа нормасы бар. Егер бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Демек, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Егер бұрын жастар категориясына 3 миллион 700 адам кірсе, қазір 5 миллион 700 мың адам кіреді. Яғни олар осы нормаларға, осы қолдау тетіктеріне ие болады. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жылға дейін ұзартылған, – деген еді Алтай Көлгінов.
Облыс бойынша да бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан жастардың саны күн санап артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 702 бос жұмыс орны болса, оның ішінде мемлекеттік мекемелерде 170 бос жұмыс орны, ал жеке секторларда 532 бос жұмыс орны бар. Жыл басынан бері бағдарлама аясында 355 жас маман мамандығы бойынша жұмыспен қамтылған. Ал облыс бойынша биылға қойылған жоспар 2 660-ты құраса, бүгінгі таңда орындалғаны – 1 383.
«Жастар практикасы» – жұмыс табудың жаңа мүмкіндігі. Бағдарлама оқуды аяқтаған соң алған кәсібі бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Түлектің «Жастар практикасына» қатысқан уақыты жұмыс өтіліне кіреді. «Жастар практикасы» 1 жылдан аса қызмет етіп тұрған, салық, жалақы бойынша берешектері жоқ жұмыс берушілерде ұйымдастырылады. Жұмыс беруші түлектің мамандығын немесе оған ұқсас мамандық бойынша жұмыс орнын құрады, – дейді облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің маманы Гүлнара Байбосынова.
Өткен жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Конвергентті журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрсауле Мырзағали дипломын қолға алғаннан кейін біраз уақыт жұмысқа орналаса алмай жүрген. Жұмыс берушілер жұмыс өтілін сұрағандықтан біршама уақыт екі қолға бір күрек таба алмапты.
– Өзім Өзбекстанда дүниеге келгенмін. Тараз қаласында оқып, білім алғаннан кейін екінші жартымды да киелі Әулиеата жерінде кездестіру бұйырыпты.Қолыма дипломымды алғаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс істейін деп шештім. Жолдасым да қолдады. Тиісті құжаттарымды жинақтап, жұмыс іздеп барғанымда «тәжірибең жоқ» деп қайтарып жіберген жұмыс берушілерді де кезіктірдім. Кейін облыстық мансап орталығына барып, жолдама бойынша Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне тілші болып жұмысқа орналастым. Жалақым – 110 760 теңге. Шындығында бағдарлама тәжірибесі жоқ жастар үшін жақсы мүмкіндік, – дейді Нұрсауле Мырзағали.
Жанар Жанатқызы да «Жастар практикасы» бағдарламасының артықшылығы көп екенін жасырмады.
– Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында білім алдым. Оқу бітіргеннен кейін көп ойланбай қалалық мансап орталығына барып, өтініш қалдырдым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағым келетінін айттым. Кейіннен маған «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасуды ұсынды. Байқап көрейін деп бірден келісімімді бердім. 9 айдан бері «Парасат» колледжінде ағылшын тілі пәнінен оқытушы болып жұмыс істеп жатырмын. Мұғалімдік қызметімдегі алғашқы жылым аяқталып, осы уақыт ішінде көптеген тәжірибе жинадым. Студенттермен оңай тіл табысып, оқу материалдарын дайындау және әртүрлі оқыту әдістерін қолдану арқылы оқушылардың білімін арттыру дағдыларын дамыттым.
Шәкірттерімнің жетістіктерін көру мен үшін үлкен қуаныш және олардың дамуына үлес қосу зор мәртебе екенін түсіндім.Ұжым алғаш жұмысқа орналасқан сәттен-ақ жақсы қарсы алды. Білікті мамандар мен білім саласында үлкен тәжірибесі бар оқытушылар барынша қолдау көрсетіп, көмегін көрсетті. Кәсіби дағдыларым жетіліп, тапсырмаларды тиімді орындау қабілетім артты. 9 ай ішінде кәсіби шыңдалып, білім беру саласындағы қабілеттерім артты, – деді Ж.Жанатқызы.
Дәл осы колледжде еңбек жолын бастаған Ұлдана Мықтыбекқызы да бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқанына өкінбейтінін жеткізді.
– Өткен жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін аяқтап, «Химия мұғалімі» мамандығы бойынша қолыма дипломымды алдым. Мамандығым бойынша жұмысқа орналасу үшін мансап орталығына тіркелдім. Қызметкерлер «Парасат» колледжінде тәжірибе жинақтауды ұсынды.
Мен де қуана келістім. Шыны керек, жұмыс орныңдағы орта адам үшін маңызды ғой. Сені жылы қарсы алып, білгенімен бөлісіп отырса, білмегеніңді жөндесе, жас маманға бұл жерден артық жұмыс орны табылмайтыны анық. Мен де сондай күйді бастан кешірдім.Тәжірибесі мол ұстаздар сабақ өтудің түрлі тәсілдерімен таныстырды, уақыт өте келе мен де өзімнің алғашқы сабақтарымды өте бастадым.
Бұл шын мәнінде маған үлкен тәжірибе болды. Мұғалім ретінде өзімнің алғашқы тәжірибемді жинақтап, білімгерлермен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрендім.Білімгерлердің білімге деген құштарлығын көру, олардың жетістіктеріне куә болу – ең үлкен марапаттардың бірі болды. Әріптестерімнің қолдауымен оқыту әдістемелерін жетілдіріп, өз саламда сенімді маман атандым. Алғашқы жұмыс орным «Парасат» колледжі кәсіби түрде өсуім мен дамуыма үлесін қосты. Сонымен қатар, мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің нығаюына себеп болды, – дейді Ұлдана Сыдықбек.
Осы орайда айта кетейік, жұмыссыз жүрген жастардың тағы бір мәселесі – айлық. Жастарға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік берген жақсы, әрине. Бірақ, сонымен қатар оларға мотивация да керек. Жас мамандарды айтпағанда тәжірибелі, тісқаққан қызметкерлердің өзі жоғары жалақы алса, жұмысты құлшыныспен істейді. Ал қолына дипломын енді ғана алған жас маман үшін мақтау-мадақтаудың өзі жеткілікті. Әйткенмен еңбегі қаржылай бағаланса еңсесі көтеріліп, қуанып қалатыны жасырын емес.
«Жастар практикасы» арқылы уақытша болса да жұмысқа орналасқандарға 110 760 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы 1 жыл бойы бойы мемлекеттің қазынасынан төленеді. Бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан маман ҚР Еңбек кодексімен қорғалған. Соған сәйкес, оның мекемедегі құқығы басқа да қызметкерлермен тең. Оның жалақысынан барлық аударымдар шегеріледі екен. Бір сөзбен айтқанда «Жастар практикасы» – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.
«Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп хәкім Абай айтқандай теріс жолға түспес үшін күпірлігімізді емес, шүкірлігімізді арттырып, жалқаулықты емес, еңбекқорлықты серік ету керек.
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024