Қарулы күштер: Жамбылдық қарауыл бастығы әскери қызметтің қыр-сыры жайлы айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 13 қазан, 2024
- 299
Жамбылдық қарауыл бастығы, аға сержант Еділбек Төлепбергенов ел біле бермейтін әскери қызметтің қыр-сыры туралы кеңінен әңгімелеп беріп, жастарды осы мамандықтың майталманы болуға шақырды , деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жеке құрам арасындағы әскери және құқықтық тәртіптің жай-күйі өте маңызды. Сондықтан да қарауыл бастығы және қарауыл бастығының көмекшісі жауынгерлік қызметті тиісті деңгейде атқару үшін қарауыл жеке құрамының дайындығына аса мән береді. Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде 2010 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан 1-атқыштар ротасының бөлініс бастығы (қарауыл бастығы), аға сержант Еділбек Төлепбергенов өзінің қызметі жайлы әңгімелеп берді. 2005 жылы Жаңатас қаласындағы кәсіптік мектепті аяқтаған бозбала Жаңатас қалалық әскери комиссариат арқылы Ішкі әскер қатарына мерзімдік қызметке шақырылады. Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін өткерген сарбаз Жетіқарадағы 2-атқыштар ротасына келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады. Осы бөліністе бес жыл бойы сақшы, сақшы-оператор, айдауылдау бөлімшесінің командирі, бөлімше командирі сияқты лауазымдық сатылардан өткен Еділбек Болатұлы 2010 жылы анасы дүниеден өткен соң бауырларына қамқор болу үшін туған өлкесіне қайтып оралады. Міне, содан бері ол 5513 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді. «Қарауыл бастығы үшін басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр» деп санайтын аға сержант Еділбек Төлепбергеновтың кейінгі буын жастарға үйретері мол. Айдауылдау қызметіне жаңадан келген әскерилерге бұл қызметтің қыр-сырын үйретіп, түсіндіруден жалықпайды.
– Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімі 1992 жылы 25 ақпанда құрылған. Осы бөлімде әскери қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Біздің әскери бөлімге қойылған міндеттер – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету және сотталғандарды айдауылдау. Бұл міндеттердің бәрін біздің әскери бөлім қызметшілері талапқа сай, жоғары деңгейде орындап жатыр деп білемін. Сондай-ақ «Бүркіт» арнайы жасағы да өз қызметтерін абыройлы атқаруда. Ал атқыштар батальонының жеке құрамына келсек, бәрі өз ісінің маманы деп айта аламын. Қызметімнің өте жауапты екенін білемін. Қарауыл бастығы ретінде маған тапсырылған нысанның сенімді күзетілуі мен қорғалуына аса қатты мән беремін. Міндетті өз уақытында орындауға, осы міндетті орындайтын қарауыл жеке құрамының жауынгерлік әзірлігі жоғары болуына жауаптымын. Жауынгерлік әзірлікпен қатар жеке құрамның тәртібін қадағалауды да естен шығармай, заңдылық пен қауіпсіздік шараларының сақталуын талап етемін. Жеке құраммен тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың да маңызы зор. Күзет мұнарасындағы әр сақшының қырағылығы, табандылығы, кез келген төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай алуы аса маңызды. Мен қызметке жауынгерлік қару және оқ-дәрілермен түсетін болғандықтан бұған бейжай қарай алмаймын. Кез келген жағдайда әскери тәртіпті ұмытпай, заң талабына сай шешім қабылдау – менің басты міндетім, – дейді қарауыл бастығы Еділбек Болатұлы.
«Тәлімгерлік туралы не айтасыз?» деген сауалымызға аға сержант Еділбек Төлепбергенов алдымен өзіне осы қызметтің қыр-сырын үйреткен Марат Омарбековті есіне алды. Ол кісі қазір зейнеткер болса да тәлімгер ретінде әлі де хабарласып тұратындығын, білмегенін сұрап, ақыл-кеңесіне құлақ түретінін айтты.
– Тәлімгерлік деген атқыштар батальонының қызметіне өте қажет нәрсе. Біз жаңадан келген жастарды алдымен осы қызметке әбден үйретеміз. Бір лауазымда ұзақ уақыт бойы дайындаймыз. Олар келесі сатыға өту үшін төменнен бастап, қызметтің бүге-шігесіне дейін әбден біліп, дайын болуы керек. Яғни сол лауазымда пісуі керек. Бұл жерде кездейсоқ адам қызмет ете алмайды, – дейді қырағы қарауыл бастығы.
Әскери қызметке келген соң Еділбек бірнеше жылдан соң шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Жұбайы Нұрила Құралқызының мамандығы – мұғалім, тарих пәнінің маманы. Екеуі үлгілі отбасы бола білді, үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының төртеуі мектепте оқиды.
– Әскери қызмет – нағыз ер-азаматқа лайықты қызмет. Сондықтан бұл қызметті таңдап, өз өмірімен байланыстырған жастар еліміздің нағыз патриоттары дер едім. Әскери қызметші болудан қорқудың еш қажеті жоқ. Өз ұлдарым да әке жолымен әскери қызметті таңдап жатса, әрине, қуанатын едім, – дейді көпбалалы әке.
Сонымен қатар Еділбектің туған інісі, сержант Әсет Төлепбергенов те Алматы облысының Заречный кентіндегі 3660 әскери бөлімінде маман-бақылаушы болып қызмет атқарады. Мамандық таңдауда ағасының інісіне де үлгі болғаны анық.
Иә, қызметтің оңайы жоқ. Соның ішінде қарауыл қызметі аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да бұл қызметке кездейсоқ адам келмейді. Қарауыл қызметінің қыр-сырына әбден қаныққан, сол қызметте піскен, моральдік-психологиялық тұрғыдан сүзгіден өткен тұлға ғана нағыз қарауыл бастығы бола алады. Соның бірі – аға сержант Еділбек Төлепбергенов. Еңбегіңіз жанып, абыройыңыз арта берсін, құрметті қарауыл бастығы!
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024