Ерлік жасаған әскери қызметші марапатталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 3660 әскери бөлімінің қолбасшылығына Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің әкімі Д.Т.Қоңырбаевтың атынан осы бөлімнің әскери қызметшісі ефрейтор Тұрсынбай Тұрдыбековтің ерлігі үшін алғыс айтқан хат келіп түсті.
Хатта 2024 жылдың 20 тамызында түнгі сағат 22.00 шамасында Боралдай кенті Тынышбай көшесінің бойындағы үйде өрт болғандығын, өртеніп жатқан үйден көршісінің кәмелетке толмаған үш баласын және кәрі анасы мен жұбайын құтқарып алып шыққан Тұрсынбай Тұрдыбековтің жанқиярлық ерлігі туралы жазылған. Ол өз өміріне қауіп төніп тұрса да, жанып жатқан үйде адамдар бар екендігін біліп, қоршаудың қақпасынан секіріп түсіп, қақпаның есігін бар күшімен ашып, әйелдер мен балалардың қауіпсіз жерге шығуына көмек берген.
Өзінің ерлігі туралы ұландық Тұрсынбай Ғабитұлы:
– Сол күні мен тәуліктік ауысымнан шығып, үйде демалған едім. Демалысымды пайдаланып, әкемнің көлігін қарап, ақауы бар жерлерін жөндеп жатқан болатынмын. Кенет көршінің үйінің шатыры жалынға оранып жатқанын көрдім де, бірден солай қарай жүгірдім. Сыртқы қақпаның есігі ашыла қоймады. Мен көп ойланып тұрмай қақпаға өрмелеп шығып, аулаға секіріп түстім. Үйден көршімнің әйелі жанұшырып жүгіріп шықты. Үйде балалар мен кәрі енесінің барын айтты. Мен жалма-жан үйдегілерді шығаруға жүгірдім. Қақпаның есігі жалынның ыстығынан ашылмай, қатып қалыпты, мен бар күшімді салып, есікті аштым да, балалар мен әйел адамдарды сыртқа шығардым. Осы уақытта патрульде жүрген полиция қызметкерлері де келіп үлгерген еді. Бұдан кейін өрттің әрі қарай өршіп, көрші үйлерге тарамауы үшін, полиция қызметкерлерімен бірлесіп және сол жердегі адамдарды ұйымдастырып, отқа қауіпті заттар мен тұрған көліктерді шығара бастадық, - дейді.
Бірақ бұл жігерлі әрекеті туралы Тұрсынбай ешкімге айтпаған. Өзімен бірге қызмет ететін әріптестері де білмеген. Әскери бөлімнің қолбасшылығы ерлігі мен қиын жағдайдағы батыл әрекеті үшін жоғары қолбасшылыққа ефрейтор Тұрсынбай Тұрдыбековті көтермелеуге ұсынды.