дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалы ауданы 2025 жылға дейін 100 пайыз табиғи газбен қамтылады

Жуалы ауданы 2025 жылға дейін 100 пайыз табиғи газбен қамтылады
Фото - ашық дереккөз
Бүгінде Жуалы ауданында газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты көгілдір отынмен қамту. Бұл ретте, Жамбыл облысы, Жуалы ауданында толымды тірліктер атқарылып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.  

 Бүгінде Жуалы ауданында газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 49 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Аудан бойынша 49 елді мекенде 10134 аула болса, оның ішінде 45 елді мекендегі 9197 аула тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Бұл газ игілігін көріп отырған халықтың 97,1 пайызын құрайды. Бүгінде ауданда табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округі ғана қалған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты көгілдір отынмен қамту. Жалпы, елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президент өзінің халыққа арнаған жолдауларында бұл іс әрі қарай да өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда аудан тұрғындардың 97,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Оның көлемін ұлғайту жұмыстары да өңірде жалғасын табуда, – дейді бөлім басшысы Қайрат Жатқанбаев.

 Сондай-ақ, биыл табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге қаржы қаралған. Атап айтқанда, Қарабастау, Абдықадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Қазіргі уақытта магистралды газ тарту желілеріне мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделген. 

Жалпы, көгілдір отын Жуалы ауданына қалай жетті? Тарихқа шолу жасап көрейікші...

Ауданның құрметті ардагері Аманжол Дүрәліұлының айтуынша, ауданның газ саласы 1961 жылы тұңғыш рет аудандық коммуналдық шаруашылықтың құрамында құрылыпты. Ал, 1969 жылы газ шаруашылығы аталған мекемеден бөлініп шығады. Сөйтіп, Жамбыл облыстық газ шаруашылығы мекемесінің бұйрығымен «Бурный газ шаруашылығы бөлімшесі» болып қайта ашылды. Мекемені Александр Понамарев 1977 жылға дейін, одан кейін Ережеп Асанов басқарады. Ал, 1978 жылдың желтоқсан айында Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкиннің шешімімен Жамбыл облыстық газ мекемесінің директоры Маханбет Өмірбаевтың бұйрығымен «Чапаев» колхозының бас инженері Аманжол Дүрәліұлы Бурный газ шаруашылығы бөлімшесінің бастығы болып тағайындалады.

– 1982 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкинге жазбаша түрде ұсыныс жасадым. Яғни, алты колхоз, төрт совхоздың газ шаруашылығын аудан орталығына топтастыру керек екенін жан-жақты дәлелдедім. Негізгі мақсат – газ плитасы бар үйлерді есепке алу, техникалық қауіпсіздікті сақтау, тасымалды газдың лимитін көбейту болды. Оның астарында болашақта өңірге табиғи газ тарту мәселесі тұрған еді, – дейді ол.

Аманжол Дүрәліұлының бұл идеясы 1984 жылы ғана іске асты. Алты ұжымшар, төрт кеңшар бір-бір техникасын, жалақыларын және үш адамын қосып берді. Сөйтіп барлығы 15 автомашина жиналып, 40 адам жұмысқа тартылды. Сол жылы Бурный газ бөлімшесі, Жуалы аудандық газ шаруашылық мекемесі болып қайта құрылды. Ай сайын 100 тонна сұйылтылған газ тасылды, ауданда газ жеткілікті болды.

 – Аудан орталығына табиғи газ жеткізу көп жыл бойы шешімін таппай келген әлеуметтік мәселенің бірі еді. «Бұхара-Алматы» магистральдық газ құбыры аудан іргесінен өтіп жатса да, көршіміз Түлкібас ауданынан 30, ал Жамбыл қаласынан 25 жылдан соң Жуалыға табиғи газ жеткізілді. 1986 жылы сәуір айының бірінші жұлдызы күні Мәскеуден КСРО Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі комитетінен телефонограмма алдық. Онда «Жамбыл облысының Жуалы ауданы, Бурный ауылына табиги газ құрылысын жүргізуге рұқсат берілді» делінген. Телефонограмманы алып, аудандық атқару комитетінің төрағасы Сабыржан Жүнісовке бардым. Кешікпей ауданда шаруашылықтар мен мекемелер басшыларының басын қосқан үлкен жиналыс өтті. Жиналыста табиғи газды алу үшін әрбір мекеме, әрбір колхоз, совхоз қажетті құжаттарды беру керектігін айттым, – дейді Аманжол Дүрәліұлы.

1987 жылы облыстық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Рақым Тұрғынбеков пен Аманжол Дүрәліұлы екеуі аупарткомның бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловқа кіреді. Ол кісі мәселені мұқият тыңдап, қолдайтынын айтады. Сонымен, табиғи газдың жұмысы үш бағытта бастау алатын болып шешілді. Біріншісі, автоматтандырылған газ реттеуші стансаның жобалау-сметалық құжаттамасын жасау әрі құрылысты жүргізу. Екіншісі, «Казсельхозтехника» мекемесінің қазандығына табиғи газды апаруды жобалау әрі құрылысын жүргізу. Үшіншісі, әрбір көшеде бір кооператив ұйымдастырып, жоба жасап әрі газ құрылысын жүргізу.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін яғни, 1992 жылы Жуалы аудандық газ шаруашылығы ауданаралық газ мекемесі болып қайта құрылды. Жаңа құрылған мекеменің аяғына нық тұруына онда жұмыс істеген алпыстан астам адам жұмыла еңбек етті. Соның нәтижесінде мекеме жаңа құрылған бірнеше серіктестерімен бірлесе жұмыс істеді. Қысқа мерзімде аудан орталығы мен оның іргесіндегі елді мекендердегі 5000 үй, 100 мекеме табиғи газға қосылды. «1998 жылы аудандық газ шаруашылығын реформалау басталды. Аудандағы бір ғана газ саласында жеті бірдей шаруашылық құрылды. 1996-2000 жылға дейін өте қиын жылдар болды. Бұл өтпелі кезең және тоқырау жылдар еді. Бір қап ұн бір қойға бағаланған кез болды. Тараз қаласы, Меркі, Қордай, Тұрар Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандарының әрқайсысы табиғи газға қарыздары 100 миллион теңгеден асып кетті. Соның салдарынан осы аты аталған қала мен аудандардағы елді мекендерге газ, жарық үзіліспен берілді. Сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Ермек Үсенбаевтың тапқырлығы мен табандылығы арқасында ауданда бір күн газ, не жарық өшкен жоқ. Ауданның сол кездегі қарызы 10-15 миллион теңгеден асқан жоқ. Жуалыда көгілдір отынның сөнбеуіне ықпал еткен «Жамбылоблгаздың» бас директоры Қ.Шотпақов болды. Бірде мынадай окиға болды. 1998 жылы желтоқсан айы. Сол кездегі аудан әкімі Е.Үсенбаев мені шақырып алып, «Екеуміз Тараз қаласына баратын болдық. Облыс әкімі Амалбек Тшанов сені шақырды» деді. Селекторлық кеңесте облыс әкімі менен: «Бүгінгі күнге дейін газға қанша қарызсың?» деп сұрады. Мен бес миллион деп жауап бердім. «Оны қанша күнде жинайсың?» деді. Мен «Бес күнде жинаймын» дедім. Сонда ол кісі: «Жолдас әкімдер, қарыз ақша жинауды осы жігіттен үйреніңдер», деді. Дана Абай айтқандай, «Ұлықтың арқаға қаққаны, омырауға алқа таққаны». Облыс әкімі Амалбек Тшановтың мақтағаны менің іске деген құлшынысымды арттырды», – деп еске алды сол кездерді Аманжол Дүрәліұлы. Аманжол ақсақалдың ауданға табиғи газ тартудағы тынымсыз еңбегі мен іскерлігі ескеріліп, 1989 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріліпті.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар