дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 21:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Инвестициялық жобалар – қуатты экономика кепілі

Инвестициялық жобалар – қуатты экономика кепілі
Фото - ашық дереккөз
Жамбыл облысында инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында алдағы атқаратын жұмыстардың бағытын айқындап, бағдарын көрсетіп берді. Осы ретте Қордай ауданында атқарылған жұмыстар да аз емес. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтің айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындарымен 18,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығындағы көрсеткіш 74,3 миллиард теңгені құраған. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 64 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Бұдан бөлек, құрылыс саласында 65,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы, өткен жылы ауданда құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын ондаған инвестициялық жоба іске асырылып, 456 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жобалардың қатарында сүт-тауарлы фермасын, құс фабрикасын, макарон цехын, көкөніс қоймасын, этно-туризм орталығын салу және тағы басқалар бар. Олардың бірқатары іске асырылған. Қазіргі таңда аумақта «KORCEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент зауытының құрылысын жүзеге асыруда. Ірі жобалардың қатарында «Eco – Chicken» модульдік құс фабрикасы жылына 540 тонна құс етін өңдеуге қауқарлы, ал «TARAZ EKO FISH» ЖШС форель балығын өсіріп, жылына 67 тонна өнім бере алатын мүмкіндікке ие екен. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы аудан экономикасын алға сүйреп, ел игілігі жолындағы жұмысты жандандыра түспек.

Сонымен қатар, ауданда ағын су тапшылығын шешу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, өткен жылы орын алған кемшіліктердің алдын алу мақсатында биыл жүйелі жоспарлы жұмыстарды қолға алу жоспарланған. Аудан басшысының айтуынша, ауданда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалына қарасты «ЖМК-43» құрылыс-жөндеу бөлімшесі жұмыс істеуде. «Негізгі жұмысы Қырғыз Республикасы аумағындағы «Орто Токой» су қоймасынан бастап «Қара балтаға» дейінгі каналдарға техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеме өңірімізге суармалы судың дұрыс келуіне үлкен себепкер болып отыр. Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында биыл шаруаларға барынша жағдай жасау, бірлесе жұмыс атқару бойынша ұсыныс жасап, кешенді жоспарлар құрдық. Сондай-ақ, қазірден бастап аудан әкімдігі, су шаруашылығы мен шаруа қожалығы өкілдері болып суды көп талап етпейтін дақылдарды отырғызу бойынша да жоспар құрып, оны қайталап та талқылап жатырмыз. Бұл турасында диқаншы қауыммен болған бірнеше кездесуімізде айтқан да болатынмын. Осы орайда ауданымызда Ырғайты өзеніндегі Ырғайты су қоймасы, Қалғұты өзеніндегі Қалғұты су қоймасы және Қарақоңыз су қоймалары кеңейтіліп, жөндеуден өтетін болады. Бұл жобалар іске асқан жағдайда көршілес Қырғыз Республикасынан вегетациялық кезеңде суармалы су бойынша тәуелділікті бірнеше есеге дейін азайтуға мүмкіндік аламыз. Бұл аграрлы аудан ретінде ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына мүмкіндік беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етері анық. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы жаз айында шығынға ұшыраған шаруаларға Президент тапсырмасына сәйкес қомақты қаржы бөлініп, шығын төленіп те берілген болатын», – дейді аудан әкімі.

Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген басты мәселенің бірі білім сапасын арттыру. Бұл мақсатта елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынған болатын. Бұл жобаға Қордай ауданында 3 мектеп еніп отыр.

 – «Жайлы мектеп» жобасы ауданымызда табысты іске асып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық мектеп және 1 жоба – Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектеп құрылыстары жүруде. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы Қордай ауылында 900 орындық мектептің құрылысын салу жоспарда бар. Тағы айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда жалпы сметалық құны 43,9 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба құрылыс басқармасы арқылы жүзеге асырылуда. Президент Жолдауында миллионға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болғанын атап өтті. Мұнда Қордай ауданы да қалыс қалған жоқ. Аудан азаматтарын тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталатын болсам, тұрғын үй кезегінде екі мыңнан астам азамат тұр. Қазіргі таңда аудан бойынша 60 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 576 миллион теңге қаражат бөлінді. Аталған жоспарды орындау мақсатында арнайы 4 пәтерлі 1 қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленді. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында мердігер анықталып, бүгінгі күнге Қордай ауылында 60 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, «Асар» жобасы аясында 2023 жылға 16 аз қамтылған отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Аталған жоба табысты жүзеге асты.

Ал, Республика күні қарсаңында Қордай ауылы «Батыс» шағынауданындағы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлер ел игілігіне берілді. Осындай үйлердің кілті «Цемзауыт» шағынауданында да кезегі келген азаматтарға табыс етілді. Ауқатты, Қарасу ауылдарында спорттық сауықтыру кешені, Қарасуда ауылдық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал, Сұлутөр, Беріктас, Аңырақай ауылдарында ауылдық медициналық пункт іске қосылды. Құрылыс болған соң айта кету керек, өткен жылы аудан орталығында жаңа «Халыққа қызмет көрсету орталығы» пайдалануға беріліп, жаңа үш жекеменшік мектеп ашылды. Ал, күні кеше Қордайда жаңа мемлекеттік архив ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді, – дейді Бегзат Болатбеков.

Қордай ауданында тағы жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Өткен жылы ауданда бұл жобаға 3 ауылдық округ қатысып, 1,9 миллиард теңгеге 354 ауыл тұрғыны 2,5 пайызбен несиелендірілу жоспарланған. Бүгінгі таңда Кенен ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 342,7 миллион теңгеге 96 өтінім тапсырылып, 73 адам 340,9 миллион теңгеге келісімшартқа отырып несиелерін алып, оған мал сатып алған. Егін шаруашылығы бағытын дамыту үшін жалпы 9,2 миллион теңгеге жұмыстар атқарылыпты. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 53,8 миллион теңгеге 9 техника сатып алыныпты. Өз кәсібін ашу үшін 45,1 миллион теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылған.

Ал, Қарасу ауылдық округінде жобаға қатысқан 50 адамның 44-і қаржыландырылып, 1382 бас мал сатып алыпты. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 76 миллион теңге бөлінген. Оған 6 ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарлануда. Өз кәсібін ашуға ниет білдірген 3 жобаға 20,3 миллион теңге қаралған. Қаракемер ауылдық округінде жобаға қатысқан 137 ауыл тұрғынының өтініштері толық қанағаттандырылып, 4400 бас мал сатып алынған. Ауыл шаруашылығы кооперативі 102,7 миллион теңгеге 10 техника алуды жоспарлап отыр.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар