сенбі, 27 сәуір, 2024 3:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Екі отбасы баспаналы болды

Екі отбасы баспаналы болды
ашық дереккөзі
Екі отбасы баспаналы болды
  Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қолұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет өңірімізде өз жалғасын табуда. Бүгін Шу ауданындағы екі бірдей ауылда қоныс тойы тойланып, баспана кілті табысталды. Өндіріс және Ескі Шу ауылдық округтерінде берілген тұрғын үйлер «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бой көтергендігін айта кеткен жөн. Республика күнімен тұспа-тұс келген  іс-шараға Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев арнайы барып, қоныстой иелерінің қуанышымен бөлісті. Сәкен Қаланұлы Өндіріс ауылдық округінің тұрғыны, 5 баланың анасы Балзия Тұрғынбаеваны жаңа баспанасымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. —  Бүгін берекесі шалқыған, құт дарыған ауылдарыңызда ақ түйенің қарны жарылып, тағы бір түтін қосылғалы тұр. Баршамызға соның салтанатына бас қосу бұйырған екен. Ендеше қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді аудан басшысы. Содан кейін аудан әкімі мен ауыл ақсақалдары жаңа баспананың лентасын салтанатты түрде қиып, тұрғындар шашу шашты. Дәл осындай қуаныш Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында да орын алды. Ауыл тұрғындары демеушілік жасап, ауыл имамына баспана соғып, үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, «Асарлатып үй салу» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, аз қамтылған отбасыларға баспана кілті табыс етілмек. Әлеуметтің баспана мәселесі көптің көмегімен біртіндеп оң шешімін табуда.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар