2025–2026 оқу жылында бірінші сыныпқа қанша бала барды
- авторБақытжан Бекболат
- 1 қыркүйек, 2025
- 1.0k
Елімізде жаңа оқу жылы басталды, бүгін Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектеп 4,1 миллионнан астам оқушы үшін өз есіктерін қайта ашты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ал 363 461 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Оқу-ағарту министрлігі заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, жаңа мектептер салу және ескі мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды:
127 мектеп реновация бағдарламасы аясында жөнделді, жыл соңына дейін олардың саны 245-ке жетеді;
шамамен 1 000 мектепте модернизация жұмыстары жүргізілуде — олар заманауи жабдықтармен және функционалды оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі;
83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Соның тең жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесі қосымша 100 мыңға жуық жаңа оқушы орнымен толықты. Бұл — мектептегі орын тапшылығын шешу және әр балаға жайлы білім алу жағдайын жасау жолындағы маңызды қадам.
Білім күніне арналған мерекелік шаралар республикадағы барлық мектепте өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға жаңа жетістіктер мен жарқын табыстар тіледі.
Айта кетейік, Қазақстанда оқу процесі 2 қыркүйектен басталып, 25 мамырға дейін жалғасады.
Ұқсас жаңалықтар
"Заң және тәртіп": Елімізде 1,5 млн оқушы бір мезгілде мазмұндама жазды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 қараша, 2025






