Душанбеде өткен халықаралық көрмеде қазақстандық жоғары оқу орындары таныстырылды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 19:03
- 1
6 сәуір күні фестиваль-көрменің салтанатты ашылу рәсімі Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Мансури Дилрабо Сайдуллоның және Тәжікстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға сондай-ақ Иран, Үндістан, Қазақстан, Пәкістан, Ұлыбритания, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қытай және Жапония елдерінің елшілері, Еуропалық одақ пен Катар өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімі аясында Дилрабо Мансури құттықтау сөз сөйлеп, фестиваль-көрменің ресми түрде басталғанын жариялады.
Іс-шара барысында қазақстандық жоғары оқу орындарының көрмесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының ұлттық павильонында еліміздің жетекші университеттері өздерінің білім беру бағдарламаларын, ғылыми әзірлемелері мен инновациялық жобаларын таныстырды.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Тәжікстанның Премьер-министрдің орынбасары Ғылым және жоғары білім министрімен бірлесіп, қазақстандық павильонды аралап, отандық жоғары оқу орындарының негізгі жетістіктері мен әлеуетімен танысты. Көрме экспозициясы шетелдік қатысушылар мен қонақтардың жоғары қызығушылығын тудырды.
Қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық көрмеге қатысуы академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, шетелдік студенттерді тартуға, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Бағдарлама аясында «Білім сапасы және халықаралық стандарттар» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, онда әртүрлі елдердің білім беру жүйелерін салыстыру және жоғары білім беру саласына озық халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелері талқыланды.
«Тәжікстан 2026» фестиваль-көрмесін өткізу халықаралық диалогты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және білім беру мен ғылыми ұйымдар арасындағы тұрақты серіктестікті дамытуға ықпал етеді.





