сәрсенбі, 25 ақпан, 2026 17:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Nazarbayev University түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді

Nazarbayev University түркі әлемінің үздік бес университетінің қатарына енді
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Алғаш рет беделді халықаралық Times Higher Education ұйымы Орталық Еуразия университеттерінің пилоттық рейтингін жариялады.

Аталған тізімге аймақтағы 122 жоғары оқу орны кірді. Соның ішінде Nazarbayev University түркиялық Boğaziçi University университетімен бірге 4-орынды иеленді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Рейтинг 2026 жылғы жаһандық World University Rankings деректеріне негізделген. 2010 жылы құрылғанына қарамастан, NU Орталық Азиядағы қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық орнын сақтап келеді. Университет тек үш түрік жоғары оқу орнына жол берді: Koç University, Middle East Technical University және Sabanci University.

NU президенті Вакар Ахмадтың айтуынша, бұл жетістік университеттің Орталық Еуразия кеңістігіндегі беделін арттыра түседі. Оның сөзінше, оқу орны алдағы уақытта зерттеу, инновация және білім беру бағытында жаһандық деңгейге көтеріліп, ел мен өңір дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Айта кету керек, түрік университеттері басымдық танытқанына қарамастан, қазақстандық NU шетелдік студенттер мен оқытушылар саны, сондай-ақ ғылыми жарияланымдар көрсеткіші бойынша жоғары халықаралық белсенділік көрсетіп отыр. Докторантураны қолдау бағдарламасы да кеңейтіліп, PhD гранттарының саны 200-ге дейін артқан. Құжат қабылдау 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.

Сонымен қатар университет түрік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыруда. Цифрлық технологиялар бағыты да қарқынды дамуда. Университет жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) түркі тілдеріне арналған MangiSoz 3 және TilSync көптілді платформаларын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Пилоттық рейтингке Түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан университеттері енді. Алдағы уақытта қатысушылар саны артуы мүмкін.

NU-дың түркі әлемінің үздік университеттері қатарына қосылуы оның аймақтағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар