сәрсенбі, 19 наурыз, 2025 14:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Темірмен тілдескен шебер

Темірмен тілдескен шебер
Jambylinfo.kz
Меркілік Ғалымжан Сүгіралиев – болаттан бұйым жасап, шәкірт тәрбиелеген ұста

Жамбыл облысының Меркі ауданында тұратын Ғалымжан Сүгіралиев жасы алпыстан асса да, темір өңдеуден қол үзбей келеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ол – қарапайым металды иіп, дәнекерлеп, күрделі құрылғыларды жасап шығаратын тәжірибелі шебер. Бүгінде №9 кәсіптік колледжде ұстаздық етіп, өз білгенін болашақ темір жонушыларға үйретіп жүр.

Жастайынан темірге жақын болған Ғалымжан ақсақал бұл кәсіпке жиырма жасында келген. Шебердің айтуынша, нағыз өнер тек қолдың ғана емес, жүректің де жұмысы.

"Темірден қорықпау керек. Онымен адаммен сөйлескендей жұмыс істегенде ғана нәтиже шығады. Бұл да кітап секілді, әр бөлшегін түсініп оқи білсең, жақсы дүние жасауға болады," – дейді ақсақал.

Ғалымжан Сүгіралиев – токарь, дәнекерлеуші, конструктор, өнертапқыш. Ол кез келген ескі темірден жаңа дүние жасап шығаруға қабілетті. Шебер бүгінде ауласынан шағын шеберхана ашып, шәкірттеріне сабақ беруді жалғастырып келеді.

3-курс студенті Байрам Байрамов ұстазының шеберлігіне тәнті.

"Бізге тек кітаптан оқып қоймай, іс жүзінде үйренуге мүмкіндік беріп отыр. Темірдің қасиеттерін, оны өңдеу тәсілдерін, әр бөлшектің қалай жұмыс істейтінін меңгеріп жатырмыз. Ұстазымыздан сабақ алу – біз үшін үлкен мәртебе," – дейді ол.

Ғалымжан ақсақал тек ұстаз ғана емес, өнертапқыш. Қазір ол ескі тракторды жөндеп, егіс дәніне арналған елек жасап жатыр. Бұл құрылғының қозғалтқышын кір жуатын машинаның моторынан құрастырған.

Шебердің ең қызықты жобаларының бірі – трансформациялық шатыр. Ол құстың қанатын қомдағандай, ашылып-жабылатын механизммен жасалмақ.

"Кез келген темірді пайдаға асыруға болады. Тек оны дұрыс қолдану керек," – дейді ол.

Ғалымжан Сүгіралиев – нағыз еңбек адамы. Ол үшін бұл кәсіп – жай ғана жұмыс емес, өмірінің мәні. Болашақ темір жонушыларға жол көрсетіп, оларды шеберлікке үйрету – басты мақсаты.

"Білгенімді үйрету – парызым. Менің шәкірттерім осы кәсіпті жалғастырып, өз жолын табатынына сенемін," – дейді ақсақал.

Темірден түйін түйген осындай шеберлер қазақтың қолөнері мен техникалық білім беру саласының дамуына зор үлес қосып келеді. Еңбектің қадірін білетін еңбекқор жанның қолынан шыққан дүниелер – тек шеберліктің ғана емес, өмірге деген махаббаттың да көрінісі.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар