Жамбылдық кітапсүйер жастар білім сайысында бақ сынады
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 27 сәуір, 2025
- 174

Жамбылдық кітапсүйер жастар білім сайысында бақ сынады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін "Әулиеата — кітап оқитын өңір" жобасы аясында Гродеково мәдениет үйінде "Ой шебері" атты зияткерлік ойын өтті. Білімге құштар талапты жастар Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" шығармасы, Сансызбай Сарғасқаевтың "Алғашқы асулар" повесі, Шерхан Мұртазаның "Интернат наны" әңгімелер жинағы, Көсемәлі Сәттібайұлының "Жаралы жапырақтар" повесі және Әкім Таразидің "Тұлпардың ізі" кітабы негізінде дайындалған сұрақтар бойынша білімдерін сынады.
Іс-шараның басында Талас ауданы және Тараз қаласының Құрметті азаматы, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" Көсемәлі Сәттібайұлы мен Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы Зауре Абдирасилова сөз сөйлеп, кітап оқудың маңыздылығына тоқталды.
Бұл шараның негізгі мақсаты — жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, “Әулиеата — кітап оқитын өңір” жобасын кеңінен таныту. Сонымен қатар, жастардың алған білімін ортаға салып, ой-талқы жүргізуіне, білім беру мен білім алуды дамытуға ықпал ету.
Ойын қорытындысы бойынша, Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектебі, Айша бибі орта мектебі және Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі жеңімпаз атанды. Әрбір жеңімпаз команда 400 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге, барлық қатысушыларға естелік ретінде кітаптар табысталып, топ жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.