бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 10:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

COVID-19: вакцина салдырдыңыз ба?

COVID-19: вакцина салдырдыңыз ба?
ашық дереккөзі
COVID-19: вакцина салдырдыңыз ба?

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус індетіне қарсы жалпы вакцинация басталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, екпе үш кезеңде жүргізілмек. «Спутник V» вакцинасы ең алдымен медицина қызметкерлеріне салынатын болса, одан кейін білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне, ал үшінші кезең студенттер мен оқушыларды қамтымақ. Осылайша министрлік жыл соңына дейін 6 миллион адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Одан бөлек вакцинация ерікті түрде де жүргізілуде. Бүгінгі таңға облыста 1000 адам екпе салдырып үлгерген. Алайда ел арасында вакцинацияға қатысты үрей мен үміт қатар жүруде. Біреулер екпе алған дұрыс десе, енді екіншілер вакцина салдыруға түбегейлі қарсы. Осы орайда «Халық сөзі» атты жаңа айдарымызбен тұрғындардың пікірін тыңдап көрген едік.

«Індетті жеңетін бірден-бір жол – ол вакцинация»
«Қазфосфат» ЖШС-директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өңірге жақсы вакцина келсе, бірінші болып салдыратындығын айтады.
– Вакцинадан басқа қазір кеселмен күресудің жолы жоқ. Сондықтан облысқа жақсы вакцина келіп жатса, міндетті түрде салдырамын. Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп жатқанымыз Ресей, АҚШ, Израиль мемлекеттері вакцина жасаумен мықтап айналысуда. Ал отандық вакцина туралы әзірге толыққанды ақпарат жоқ. Десе де менің екпе егуге көзқарасым дұрыс.
Мен басқарып отырған «Қазфосфат» компаниясының 20 қызметкері ерікті түрде вакцина салдырды. Олардың жағдайлары жақсы. Дәрігерлерден бөлек, өзіміз де денсаулықтарын бақылап отырмыз. Барлығы толықтай жұмыста жүр.
Ал коронавирусқа қарсы вакцинаның кері әсеріне келер болсақ, Ресей мемлекетінде адамдар екпеден кейін ауырып жатқанын естідім. Алайда қарапайым тұмауға қарсы екпенің өзі әркімнің денсаулығына әрқалай әсер етеді  ғой. Түптеп келгенде, бір адамның алманың өзінен аллергиясы болуы мүмкін. Яғни әркімнің денсаулығы әрқалай. Сондықтан вакцина салдырған 1 миллион адамның үш-төртеуінде кері әсері байқалса, қалыпты құбылыс деп санаймын.
Өздеріңіз бағамдап қарасаңыздар, біз әрдайым үрейде өмір сүре алмаймыз. Немесе қашанғы бетперде тағып, сақтық шараларын сақтап жүреміз? Сондықтан қазір індетті жеңетін бірден-бір жол – ол вакцинация деп ойлаймын, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері М.Ескендіров.
«Екпенің ешқандай кері әсері байқалмады»
Екпе салдырған еріктінің бірі – облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айбек Қадірәлиев. Ол вакцинацияға азаматтық ұстаныммен барғанын айтады.
– Мені екпе сал деп ешкім қинаған жоқ. Өзімнің денсаулығым үшін және азаматтық міндетім деп қабылдап, вакцина салдырдым.
№1 қалалық емханаға барып, ең әуелі денсаулығымды тексерттім. 6-7 сынама тапсырып, одан кейін анкета толтырдым. Барлығы автоматты түрде жүргізілгендіктен сынаманың қорытындысы тез-ақ шықты. Ал вакцина салғаннан кейін өзіме жеке дәрігерді белгілеп, 10 күн бақылауда болатындығымды айтты. Сонымен қатар 22 күн күнделік жүргізетін болдым. Қазір жағдайымды күнделікке жазып, одан бөлек дәрігер тәулік бойы денсаулығымды бақылып отыр. 22 күн толғаннан кейін күнделігімді апарып өткіземін, сосын тағы бір екпе салынатындығы туралы айтылуда. Оны енді сол сәтте көрерміз.
Қазір жағдайым қалыпты. Екпенің ешқандай кері әсері байқалып жатқан жоқ. Алайда осы тұста бір айта кетерлігі, ерікті түрде екпе салдырғандарға 200 мың теңгеден берілетіндігі ресми айтылды. Бірақ оны бірден ала алмайтындығымыз қызық болып тұр. Яғни екпе салдырғаннан кейін 42 күн өткенде 50 мың теңге береді, одан кейінгі 50 мыңды 90 күннен кейін, ал қалғанын 180 күн өткенде қолымызға ұстатады. Неге осы қаржыны бірден бере салмасқа? Маған осы жағы түсініксіз. Әрине, өзім вакцинацияға қаржы мұқтаждығынан барған жоқпын. Бірақ сол 200 мың теңгені аламын деушілердің қатары қалың. Егер осы соманы бірден беретін болса, вакцина салдыратындардың саны көбейер еді деп ойлаймын, – дейді Айбек.
«Жүз пайыз салдыруға дайынбыз»
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Спутник V» вакцинасы ең бірінші кезеңде ақ халатты абзал жандарға салынады. Осы орайда облыстық Қан орталығының директоры Гулам Умаровтан вакцинацияға дайындық барысын білген едік.
– Вакцинацияға қызметкерлерімізбен жүз пайыз дайын отырмыз. Қажетті тексерістің бәрінен өттік. Енді облыстық денсаулық сақтау басқармасы кезегімізді белгілеп берсе, сол бойынша екпе салдыру жұмыстарын жүргіземіз.
Негізі біздің жұмыс адамның қанымен байланысты болғандықтан, жылда мамандарымыз түрлі вакцинаны онсыз да салдырады. Сондықтан жаңа вакцинаға қатысты бойымызда ешқандай қорқыныш жоқ. Барлық қызметкерлер ерікті түрде келісуде, – дейді Г.Умаров.
«Ақша төлесе, халықтың үрейі еселенеді»
Ақын, сазгер Үміт Битенова болса, Үкіметтің вакцина салдырғандарға ақша төлегендігін құптамайды.
– Егер ерікті түрде вакцина салдырғандарға үкімет ақша төлесе, бұл халықтың үрейін еселей түседі. Вакцинаға деген сенімсіздік туады. Ақша жүрген жерде сынақ пен санақ та қатар жүретіндігі белгілі. Яғни адамдар өздерін сынақ алаңында жүргендей сезінеді. Түптеп келгенде, 200 мың теңге бергендіктен әркім бұның артында есеп тұрғанын топшылайды. Сондықтан мемлекет вакцинаға жүз пайыз сенімді болса, ақша төлеуді тоқтатқаны дұрыс. Сондай-ақ коронавируске байланысты тесттен өтуді де тегін ету қажет. Сонда ғана халықтың үкіметке, вакцинаға деген сенімі артады, – дейді белгілі ақын, сазгер.
«Асығыс қадам жасауға болмайды»
Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Ләззат Байболатова дәл қазіргі вакцинаны салдырудың асығыстық екенін айтады.
– Қазіргі вакцинаға қатысты ел арасында түрлі әңгіме айтылып жатыр. Алыс-жақын шет мемлекеттердегі жағдайды да теледидардан көріп отырмыз. Сондықтан толық сынамадан өтіп, 100 пайыздық дәлеліне жетпеген вакцинаны салдырудың асығыстық деп ойлаймын.

Бір жыл бойы үкімет сақтық шараларын күшейтіп, бәрімізді үйде ұстап келді. Соның арқасында өзге елдерге қарағанда біздегі жағдай қалыпты болды. Енді қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдайды ғой. Тағы жырты жыл дейді ме, әлде бір жыл ма үйде отырып, сақтануға дайынбыз. Тек бізге толық сынамадан өтіп, емі дәлелденген  вакцина ұсынса болғаны. Өзіміздің отандық вакцина болса да сеніміміз артар еді. Сондықтан әліптің артын бағып, сәл күте тұру керек сияқты, – дейді қала тұрғыны.

Міне, халықтың пікірі осындай. Біреулер вакцинаны ерікті түрде салдырғанын айтса, екіншілер екпеге ақша төленгеніне күмәнмен қарап отыр. Ал үшінші жақ вакцина салдыруды асығыстық деп есептейді. Біздікі бұқараның үнін жеткізу. Ал кімдікі дұрыс, әлде бұрыс екенін көзі қарақты оқырман қауым өздеріңіз бағамдай жатарсыздар.

Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар