38 адам жұмыспен қамтылды
Ауылды жерлерде ең өзекті әрі түйткілді мәселе жұмыссыздық екені белгілі. Елімізде жұмыссыздықты жою, жұмыссыз жүрген азаматтардың санын азайту, оларды жұмыспен қамту мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Түрлі әлеуметтік бағыттарды қамтитын бұл бағдарлама жұмыссыздықтың біршама жойылуына, жұмыссыздар санының едәуір азаюына септігін тигізуде.
Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінің ауласында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Халықты жұмыспен қамту орталығы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Еңбек жәрмеңкесін» ұйымдастырды. Аудан әкімдігінің білім бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», аудандық орталық аурухана, «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, №6, Шайқорық, Ә.Тарази атындағы орта мектептер, «Сәуле», «Қарлығаш» бөбекжайлары, «Берікқожа», «Дәулет» шаруа қожалықтарының өкілдері жұмыс іздеп келген аудан тұрғындарына бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкеде еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес арнайы оқу орнын бітірген жас мамандарға, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарға мерзімді, ауылдық округтердегі ақылы қоғамдық жұмыстарға, тұрақты жұмыс орындарына жолдама берілді.
Халықты жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сүйенсек, сол күні жалпы саны 38 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 23 азамат тұрақты жұмыс орнына, 5 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 10 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан.
Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз