жұма, 22 қараша, 2024 0:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қаратаулық жас кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуда

Қаратаулық жас кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуда
ашық дереккөзі
Қаратаулық жас кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуда

Соңғы жылдары мемлекетіміз жастарды жан-жақты қолдауға мейлінше басымдық бере бастады. Әсіресе бизнеске бет бұрып, өміршең жоба ұсынған жас буынға көрсетілер қолдау түрлері көп. Нәтижесінде әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болып, ісін ілгерілетуге мүмкіндік алған жастар қатары облысымызда да артып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған жастың бірі Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны – Әділет Зикен.

Жалпы, аталған бағдарлама арқылы былтыр таластық 16 жас қайтарымсыз қаржы алған екен. Биыл да бағдарлама игілігін көріп, бірнеше бағыт бойынша табыс тайқазанын тасытып жүрген таластықтар аз емес. Ал Әділет Зикеннің бизнестегі бағыты – ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу. Кейіпкеріміз өз жобасы бойынша 2 миллион 500 мың теңге грантқа ие болыпты. Талас аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Әділет Абдрахман ауданда өзге де «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша қайтарымсыз қаржыға ие болғандар көп екенін айтады. – Биыл кәсіпкерлік негіздері бойынша 74 жас арнайы оқыту курсын аяқтап, бизнес жоспарларын сәтті қорғап, әрқайсысы республикалық бюджеттен бөлінген 555 мың 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Сол секілді инновациялық жоба ұсыну арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грант ұтып алғандар да бар. Былтыр осы бағдарлама аясында ұсынылған қайтарымсыз қаржы көлемі 3 миллион теңгеге дейін болса, биыл 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алу мүмкіндігі қарастырылды, – дейді Әділет Ерланұлы. Ал «Табыс» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әділет Зикен 2 миллион 500 мың теңгеге Қытайда жасалған құрылғы сатып алыпты. Аталған құрылғы жеміс-жидек, ет, сүт, балық секілді кез келген өнімді кептіруге арналған. – Таныстарымның көбінің бизнеске бет бұрып, бағы жанғанының сәт сайын куәсі болып жүрмін. Негізінен Қаратау қаласында ауыл шаруашылығы өнімін кептіру арқылы өңдейтін цех жоқ десек те болады. Ойлана келе осы бағытта цех ашу үшін өз жобамды ұсынып, қаржылай қолдауға ие болдым. Негізінен мұндай цех ашу үшін аталған қаржы аздық етеді. Дегенмен ағаларым да қаржылай демеушілік жасап, жобамды жүзеге асыруда үлкен қолдау көрсетті. Цехқа су, электр, газ секілді барлық инфрақұрылым жүйесі тартылған. Қазіргі таңда цехтің негізгі жабдықтау құрылыс нысаны жүргізілуде. Оның жұмысы келесі жылдың шілде айында аяқталады. Биыл 50 келі құрғақ бие сүті мен 3 тонна алма және шамалы қауын қақ, мейіз, өрік, балық кептіріп, дайындап қойдық. Құрылыс жұмысы толық аяқталғанда ол өнімдердің барлық технологиялық үдерістері сол жерде атқарылып, тауарлар нарыққа арнайы қаптамамен шығарылатын болады, – дейді жас кәсіпкер Әділет Жұмабекұлы. Бүгінде аудан халқының саны 54 903-ті құраса, 12 416-сы 14-29 жас аралығында екен. Жас буынның 337-сі кәсіпкер. Оның ішінде 97-сінің бизнестегі бағыты ауыл шаруашылығы саласына негізделсе, 104-і сауда-саттықпен, қалғаны әртүрлі бағыттағы кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатыр. Мемлекет тарапынан жастар кәсіпкерлігіне қолдау тұрақты түрде көрсетіле берсе, елде стартап жобалар мен оларды дөңгелетіп әкетер іскер жастардың да қатары еселене түсетіні анық.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар