«Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» демекші, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты ел экономикасы төмендеп, халық қазіргідей қысылып-қымтырылып отырған тұста кәсіп ашып, еңбек етудің қажеттілігі анағұрлым артып отыр. Кез келген кәсіпті ашуға әрине көмек-қолдау қажет. Пандемияға байланысты кейбір кәсіпкерлік нысандар жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты кәсіпкерлер де табысынан айырылуда. Жекелеген азаматтардың да жұмыссыз қалып жатқандары аз емес.
Мемлекет мұндай қиын жағдайда азаматтарды табыссыз қалдырған емес. Аты жаман індеттің алғашқы толқынында ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтардың елеулі бөлігіне ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге көлемінде көмек көрсетілгені белгілі. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан дағдарысқа қарамастан кәсіп ашуға да қолдаулар жасалуда. Мысалы «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы бағдарламасы, сондай-ақ, қайтарымсыз грант қаражаты арқылы да отбасылық бизнес ашуға болады.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, талапты жас Айжан Махамбет «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына арқа сүйеп, кәсіп ашқандардың бірі. Массаж жасауға қолының икемі бар бойжеткен қайтарымсыз грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар алып, жұмыс жасауда.
Айжан Ғаниқызы аудан орталығындағы №29 орта мектебінің түлегі екен. 2012-2016 жылдары Тараз қаласындағы «Тараз-Болашақ» медициналық колледжін медбике мамандығы бойынша бітірген. Жуалы аудандық орталық ауруханасынан «Жастар практикасы» бағдарламасымен тәжірибеден өткен. Одан кейінгі жылдары «Айша бибі» шипажайында және Алматы қаласындағы «Сұңқар» онкологиялық орталығында медбике болып жұмыс істеп, мамандығы бойынша біршама тәжірибе жинақтап үлгерген екен.
Жеке кәсібін ашуды мақсат тұтқан жас маман Айжан Махамбет 2018 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, осы жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасымен Жамбыл медициналық колледжінде қысқа мерзімді оқытудан өтеді. Содан 2020 жылы халықты жұмыспен қамту орталығына қайтарымсыз грант алуға өтініш білдіріп, қазан айында грант ұтып алады.
-Үкімет тарапынан жастарға кәсіп ашу үшін қайтарымсыз гранттардың беріліп жатқанын естіп-біліп жүргенмін. Қаражатты алуға мен де бел будым. Оның үстіне қолымда 2018 жылы қысқа мерзімді курстан өткендігімді растайтын сертификатым бар. Өткен жылы конкурсқа қатысып, 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Грантты ұтып алудағы басты мақсатым – массаж кабинетін ашып, тұрғындарға қызмет көрсету болды. Грант қаражатына массаж жасауға қажетті инверсиялық үстел, электрофарез, парафин аппараттары, сонымен қатар, арнайы үстелдер, тағы басқа жабдықтар сатып алынды. Былтырғы желтоқсан айының басынан бері қызмет көрсетіп жатырмын. Үйдің ауласынан арнайы орын жабдықтап, клиенттерге осында қызмет көрсетемін. Қызмет тұрғындарға қолжетімді бағада ақылы көрсетіледі. Көбінде қыз-келіншектер мен жас сәбилерге ауруына қарай емдік массаждар жасаймын,- дейді Айжан Ғаниқызы.
Қазір адамдарда түрлі аурулар көп кездеседі. Оның ішінде бел, омыртқа, буын аурулары адамдарды көп мазалайды. Сонымен қатар, жаңа туылған сәбилерде бас сүйегінің қысымы (черепное давление), дисплазия, т.б. ауруларының көп кездесетіні жанымызға бататыны анық. Осындайда дер кезінде тиісті орындардан, білікті мамандардан ем қабылдаса, жазылмайтын науқас жоқ. Міне, омыртқа, буын ауруларына массаждың пайдасы мол. Массажшылық қызмет қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Ол үшін адамның анатомиясын жақсы білуің қажет. Массажшыға ең алдымен қолдың икемділігі мен шыдамдылық қажет. Сонымен қатар, адамдармен жылы сөйлесіп, тіл табысу арқылы да сырқаттың жазылуына көмектесуге болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, медбикеге тән мұндай қасиеттер массажшы Айжанның бір бойынан табылғандай. Мінезінің жайдары екені де клиенттермен сөйлескенінен анық байқалады.
-Ашылғанымызға көп уақыт болмаса да массаж жасатуға келіп жатқан клиенттер бар. Күніне 5-6 адам келіп, тұрақты ем қабылдауда. Басты мақсатым – тұрғындардың көңілінен шығу. Ол үшін бар күш-жігерімді, жинаған азды-көпті тәжірибемді жұмысқа салып жатырмын. Алдағы жоспарым – шағын кәсіпті кеңейтіп, басқа да ауру түрлеріне ем жасасам деймін. Ол үшін әрине, үлкен орын жабдықтау қажет. Кәсіпті кеңейтуге мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар болатынына сенемін. Ал қайтарымсыз гранттардың берілуі кәсіп ашам деген жастарға үлкен көмек,- дейді жас кәсіпкер Айжан Махамбет.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, дағдарыс жағдайында халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын түзеу арқылы экономиканы көтеру үшін ел Үкіметі бірқатар маңызды шаралар қабылдап, елде кәсіпкерлікті дамытуға, инфрақұрылымдық жүйелерді жөндеуге, халықты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Соның нәтижесінде, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауылдарда ауызсу, газ жүйелерін тартуға биыл біздің ауданға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қыруар қаражат бөлінді. Соның ішінде жұмыспен қамту және кәсіпкерлік негіздерін дамытуға да ерекше серпін берілуде.
Бұл ретте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі зор. Себебі, аталған бағдарламаның аясында қаншама тұрғын жұмыспен қамтылып, кейбірі кәсіпкерлік бастамаларға қолдау алып, жұмыс істеуде.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 584 қатысушыға 324470,0 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданыjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жауапты науқаннан қысылмай шығады
Ұқсас жаңалықтар
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024