Қазақстан мен Германия экономикалық ынтымақтастықты күшейтуде
- авторБақытжан Бекболат
- 21 мамыр, 2025
- 200

20 мамыр күні Астанада Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің 16-отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Қазақстан экономикасы трансформациядан өтіп жатыр, біз инвесторлар үшін ашықпыз, әсіресе Германия тарапынан», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.
«Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин қазіргі таңда 1,1 млрд долларды құрайтын 32 жоба жүзеге асқанын, ал жалпы портфельде 54,4 млрд доллар көлеміндегі 63 жоба бар екенін айтты. Германия инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес салаларға – өнеркәсіп, АӨК және көлік секторына бағытталған.
«Қазақстан – Германия үшін аймақтағы негізгі серіктестердің бірі. Неміс бизнесі шикізатты қайта өңдеу, машина жасау және цифрлық шешімдер салаларында зор әлеуетті көріп отыр», – деді Германия экономикасының Шығыс комитетінің бас директоры Михаэль Хармс.
2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9,5 миллиард еуроға жетті. DAR Metall AG, KfW, IMI zimmermann & jansen сынды компаниялармен келісімдерге қол қойылды. Қазақстан Германияға сирек кездесетін жер металдары, жасыл сутек және арнайы экономикалық аймақтарда «неміс кластерлерін» құру жобаларына қатысуды ұсынды.
Кездесу қорытындысы Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестіктің тағы бір дәлелі болды. Тараптар экономикалық серіктестікті тереңдетуге саяси ерік пен нақты қызығушылық бар екенін көрсетті. Бұл ынтымақтастық экономиканың негізгі салаларында ауқымды өзгерістерге жол ашпақ.