Қазақстанда банк шоттары қандай жағдайда бұғатталуы мүмкін
- авторБақытжан Бекболат
- 25 сәуір, 2025
- 1.0k

Бұл – шотты бұғаттау немесе арест қою шарасы деп аталады. Мұндай шектеу белгілі бір заңбұзушылықтар мен талаптардың орындалмауына байланысты енгізіледі, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz Uchet.kz-ке сілтеме жасап.
Салық органдары шотты бұғаттау туралы шешімді негізсіз қабылдамайды. Оның бірнеше заңды себептері бар. Ең жиі кездесетін жағдай – салық төлеушінің салық есептілігін уақытында тапсырмауы. Егер декларация немесе өзге де салықтық құжаттар белгіленген мерзімде өткізілмесе, салық қызметі ескерту жіберіп, шара қолдануға құқылы.
Тағы бір маңызды себеп – қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге тұрмау. Егер кәсіпкер немесе ұйым ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелуі тиіс болса, бірақ тіркеуден өтпесе, шотты бұғаттау ықтималдығы артады.
Сонымен қатар салық берешегі де шектеу қоюға негіз болады. 2025 жылы 6 айлық есептік көрсеткіш – 23 592 теңге болып белгіленген. Егер салық төлеушінің берешегі осы сомадан асып, тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары топқа жатқызылса, банк шотына арест қойылуы мүмкін.
Салық тексерісі кезінде кедергі келтіру де – маңызды фактор. Мысалы, салық инспекторларын нысанға кіргізбеу немесе тексеруге қатыстырмау – заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда шот уақытша тоқтатылады.
Сондай-ақ салық органдарының жолдаған хаты кері қайтса, яғни салық төлеуші көрсеткен мекенжайда табылмаса, бұл да бұғаттауға негіз болады. Дәл сол сияқты тексеріс кезінде болмаған жағдайда кейін түсініктеме берілмесе немесе камералдық бақылау барысында анықталған заңбұзушылықтар түзелмесе, салық органдары банк шотына уақытша шектеу енгізе алады.
Айта кету керек, бұл бұғаттау шарасы – тұрақты емес. Егер салық төлеуші өз қателіктерін түзетіп, салық органдары қойған талаптарды орындаса, шоттағы шектеу алынып тасталады. Яғни банк шотын бұғаттау – ескертуге құлақ аспаған жағдайда ғана уақытша қолданылатын тетік.