Қазақстанда бухгалтер мамандардың жұмысына үлкен өзгеріс енгізу жоспарланып отыр
- авторjambylinfo.kz
- 19 маусым, 2024
- 924
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Кеңес кезінде салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөніндегі шаралар мен жоспарлар қаралады.
Отырыста сөз сөйлеген қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, ол жетекшілік ететін салада «бухгалтер» мамандығы бойынша бір кәсіби стандарт пайдаланылады. Оны озық жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары бойынша өзектендіру көзделіп отыр. Бұл реттер АССА (Association of chartered certified accountants) халықаралық біліктілігі бойынша студенттерді оқыту және сертификаттау мәселесі қарастырылуда. Осылайша, диплом алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыру процесін жеңілдету жоспарланған.
«Сертификат тәуелсіз орталықтар тарапынан берілуі маңызды. Ол бойынша жұмыс берушінің маман біліктілігіне қатысты пікірі қалыптасады. Оқу орнының имиджі де осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, біз осы немесе басқа мамандықты игеріп жатқан азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Ал, көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін хабарлады. Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды. Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандартты әзірлеген. Биыл тағы жаңадан 19-ын әзірлеп, 31-ін өзектендіру жоспарлануда.
Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орындарында және 280-ден астам колледждерде даярланып жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз