сенбі, 23 қараша, 2024 6:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Б. Сапарбаев ірі өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті

Б. Сапарбаев ірі өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті
ашық дереккөзі
Б. Сапарбаев ірі өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті

Меркі ауданына жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ірі өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Меркі ірімшік зауыты» ЖШС пандемия мен карантиндік шараларға қарамастан, өткен жылы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өндіріс көлемін арттырды.  Атап айтқанда, кәсіпорын былтыр 1975 тонна сүт өнімдерін өндірген десек, бұл 2019 жылмен салыстырғанда бес тоннаға артық.

- Өздеріңіз білетіндей, өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы ақсап тұр. Сіздер облыс бойынша осы саладағы бірнеше компаниялардың бірісіздер. Бірақ дамып әрі жаңғырту қажет. Бұған дейін айтқанымдай, бірінші кезекте өнімнің өзіндік құнын сақтай отырып, ассортиментті кеңейту қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өтті, - деді аймақ басшысы зауыт жұмысшыларының алдында сөйлеген сөзінде.

Өндіріс меңгерушісі Людмила Голенцованың айтуынша, жақында ғана зауыт балмұздақ шығаруға арналған жабдық сатып алыпты.

- Біз ең жұмысты ең алдымен қарапайым – пломбир балмұздағын шығарудан бастаймыз. Кеңес кезіндегі атақты балмұздақ біз үшін алғашқы бағдар болмақ, - деді ол.

Сондай-ақ, жақында кәсіпорын моцарелла ірімшігін өндіруге арналған қондырғы мен ірімшік пен сүзбеге арналған орау жабдығын сатып алған. Бұдан бөлек, лимонад шығаруды жоспарлауда. Нәтижесінде көп ұзамай "Меркі ірімшік зауыты" ЖШС өндіретін өнім ассортимент атаулары 40-тан аспақ.

Облыс әкімі зауыттың зор әлеуетке ие екенін, бірақ мейлінше ертерек жаңғыртудан өткізу қажеттігін баса айтты. Ол кәсіпорын қызметіне талдау жасауды, атап айтқанда, өндіріске салынған инвестициялар көлеміне саралауды тапсырды.

Аймақ басшысы жақында құрылтайшылармен кездесіп, зауытты одан әрі дамыту жоспарларын талқылауға ниетті.

Кездесу соңында облыс әкімдігі мен «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС басшылығы арасында еңбек заңнамасы саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Аудандағы тағы бір ірі кәсіпорын – «Меркі қант зауыты» ЖШС қазіргі уақытта қиын кезеңді бастан кешуде. Басшылық жақында ғана жұмыс процесін тұрақтандырды.

2019 жылы зауыт қызылша өсірушілердің өткізген шикізаттары үшін тиісті төлемдерді кешіктіргені белгілі. Қазір берешек өтеліп, 2020 жыл ойдағыдай түйінделді.

Шаруалардың толассыз өтініштері бойынша өткен жылы зауыт қант қызылшасын желтоқсанның ортасына дейін қабылдаған. 11 мың тонна қант өндірген. Зауыт директоры Нұржан Қарғабаев атап өткендей, 2020 жыл оң нәтижеге қол жеткізілген десек, бұл ағымдағы жылы қызметкерлердің жалақысын 10 пайызға арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Енді серіктестік шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнатуды көздеуде. Бірақ одан әрі дамыту үшін бес миллиард теңге көлемінде инвестиция қажет.

- Мен сіздердің зауыттарыңызға екінші рет келіп тұрмын, қандай қиындықтарға тап болғаныңызды жақсы білемін. Өткен жолы тек басшылықпен кездескен болатынмын,  енді міне ұжыммен әңгімелесудің сәті туып отыр. Кәсіпорындағы ең маңызды нәрсе – кадрлар. Зауыттың жұмысы толық тұрақтанғаннан кейін кәсіподақ құрып, ұжымдық шартқа қол қою қажет. Осылайша, жұмысшылардың құқықтары толығымен қорғалатын  болады, - деді өңір басшысы зауыт ұжымына.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, облыс басшылығы «Меркі қант зауыты» ЖШС-ін барынша қолдауға, соның ішінде субсидиялауға дайын екендігін жеткізді.

Кездесу соңында Жамбыл облысының әкімдігі, "Меркі қант зауыты" ЖШС және қызметкерлер өкілдері арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмыспен қамту мәселелері бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар