Байзақ ауданындағы 43 елді мекеннің 41-і көгілдір отынмен қамтылған
- авторjambylinfo.kz
- 8 желтоқсан, 2020
- 540
Тараз қаласымен іргелес жатқан Байзақ ауданында 43 елді мекен болса, оның 41-і көгілдір отынмен тұрақты қамтылған. 20 ауыл орталықтандырылған ауыз суға қосылған. Жыл соңына дейін тағы 4 елді мекенге ауыз су беріледі. Бұл туралы Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов ӨКҚ ақпарат алаңындағы брифинг барысында баяндады. Аудан басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 41 млрд теңгені құраған. Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 17 млрд теңгеден асса, құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 млрд теңге.
Нұржан Молдиярұлы брифинг барысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Мәселен биыл Байзақта 16 мың гектардан астам алқапқа масақты дәнді-дақылдар егілген. Оның ішінде 5807 гектары күздік бидай болса, 10249 гектары жаздық арпа саналады. Жалпы алынған өнім көлемі 33 мың тонна. Әр гектардан орташа өнімділік 20,5 центнерді құраған. Сондай-ақ, биыл аудандағы 132 шақырым жолды жөндеуге 485 миллион 900 мың теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржыға аудандық маңыздағы автомобиль жолының 20,35 шақырымы орта жөндеуден өтті. Қалған жұмыстар әлі жалғасуда. "Аудан аумағы арқылы өтіп жатқан 2 облыстық мәндегі автомобиль жолының 16,3 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге осы жолдардың 10,2 шақырымы 1,8 млрд теңгеге жұмыстар атқарылды. Қалған 6,1 шақырымы биылғы жылы аяқталатын болады. Ал, биылғы жылдың қорытындысы бойынша барлығы 152,814 шқ. елді мекен көшелері жөнделетін болады" деді Н. Нұржігітов.
Кәмшат ҚАДЫР
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз