Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады. Комитет шешімімен базалық мөлшерлеме жылдық 9 пайыз деңгейінде қалдырылған.
Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00 пайыз және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,00 пайыз болады. Шешім инфляцияны орта мерзімді кезеңде 4-6 пайыздық нысаналы дәлізге қайтару мақсатында қабылданып, тәуекелдер теңгерімінің проинфляциялық факторлар жағына қарай ығысуымен негізделген.
«Сыртқы және ішкі инфляциялық қысым ұлғайды, азық-түлік бағасының одан әрі көтерілу тәуекелі артты, инфляциялық күтулердің жоғарылауы байқалады. Сонымен қатар елде және әлемде коронавирус инфекциясына байланысты белгісіздік сақталуда. Жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің болжамына сәйкес қалыптасып, 7,5 пайыз болды. Азық-түлік инфляциясы әлемдік баға мен ішкі өндірушілер бағасының серпініне байланысты майдың, жұмыртқаның, қанттың және көкөністердің айтарлықтай қымбаттауы нәтижесінде 11,3 пайызға (ж/ж) дейін жылдамдады» делінген хабарламада.
Бас қаржылық қадағалаушының хабарлауынша, азық-түлік емес инфляция 5,5 пайыз (ж/ж) болған. Киім, аяқ киім, ЖЖМ бағасының өсуі бәсеңдеген кезде эпидемиялық жағдайға, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу және оқу жағдайында сұраныстың сақталуына байланысты дәрі-дәрмектер, үй тұрмысындағы заттар мен тұрмыстық техниканың бағасы көтерілді.
«Базалық инфляция көрсеткіштері инфляциялық процестердің жылдамдауын көрсетеді. Мәселен, жемістер мен көкөністерді, реттелетін коммуналдық қызметтер, теміржол көлігі, байланыс, бензин, дизель отыны мен көмірді қоспағанда жылдық көрсеткіштегі маусымдық таза базалық инфляция 2020 жылғы желтоқсанда 7,9 пайызға дейін (қыркүйек-қазанда – 5-6 пайыз) жылдамдады. Инфляциялық күтулер 2020 жылғы желтоқсанда бір жыл бұрын күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,6 пайызға дейін аздап төмендеген кезде жоғары болып қалып отыр. Қазіргі немесе бағалардың неғұрлым жылдам өсуін күтетін респонденттердің үлесі 50 пайыз болды (2020 жылғы қарашада – 52 пайыз)» делінген хабарламада.
Ұсынылған деректе ел экономикасының 2020 жылы 2,6 пайызға қысқарғаны айтылады. Жалпы ішкі өнімнің қысқаруына тау-кен өндірісі, сауда және көліктің төмендеуі теріс әсерін тигізген. Тау-кен өнеркәсібіндегі құлдырау мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. Көліктің қысқаруына жүк айналымы мен жолаушылар айналымы көлемінің төмендеуі ықпал еткен.
«Ұлттық банктің кәсіпорындар арасында жүргізген сауалдама нәтижелері нақты сектордағы ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. 2020 жылғы шілдеден бастап іскерлік белсенділік индексі желтоқсанда 49,0 тармақты құрап, 50 тармақ белгісіне қарай өсуді жалғастырып келеді. Кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтеді – Қазақстан экономикасы бойынша бизнес-климат индексі 2020 жылғы желтоқсанда 4,2 (қарашада – 1,3) болды. Пандемия аясында әлемдік экономикадағы ахуалдың нашарлауы Қазақстан халқының номиналды ақшалай кірісі өсуінің – 2020 жылғы наурыздағы 13,8 пайыздан қарашадағы 2,1 пайызға дейін (ж/ж) біртіндеп баяулауына да әсер етті. Сонымен қатар, инфляциялық процестердің жылдамдауы халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуіне алып келді (2020 жылғы қарашада 4,8 пайызға қысқарды). Осыған қарамастан, екінші жарты жылдықта негізінен азық-түлікті тұтынуға және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудың әлсіреуіне байланысты үй шаруашылықтарындағы тұтынушылық сұраныстың біршама қалпына келуі байқалады» деп жазады Ұлттық банк.
Қазіргі кезде дамыған елдердің өнеркәсіп секторы және Қытайдағы сыртқы сауда көрсеткіштерінің одан әрі өсуі әлемдік экономикаға айтарлықтай қолдау көрсете бастаған. Ал сауда әріптес елдердегі жылдық инфляция серпіні әртүрлі бағытта. 2020 жылғы желтоқсанда ЕО-да жылдық инфляция 0,2 пайыз деңгейінде қалыптасса, Қытайда 2020 жылғы қарашада дефляциядан кейін инфляция 0,2 пайызға дейін өскен. Өз кезегінде Ресейде инфляцияның 4,9 пайызға дейін үдеуі байқалады, бұл азық-түлікке әлемдік бағаның өсуімен бірге сыртқы инфляциялық әсердің артқанын көрсетеді.
«Мұнай нарығының даму перспективаларының белгісіздігіне қарамастан, халықаралық ұйымдардың соңғы болжамдарында күтілетін мұнай тұтыну бойынша бағалау шамалы жоғарылады. Сонымен қатар, мұнай бағасының қазіргі қалпына келуіне байланысты мұнай ұсынысы да ұлғаяды деп күтіледі. EIA болжамдары бойынша 2021 және 2022 жылдары Brent сұрыпты мұнайдың бағасы тиісінше орта есеппен барреліне 52,8 және 53,4 АҚШ долларын құрайды» деп болжам жасайды Ұлттық банк.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Құс тұмауынан зардап шеккендерге өтемақы төленді
Ұқсас жаңалықтар
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024