жұма, 27 желтоқсан, 2024 18:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бизнесін дамытамын дегендерге қолдау көп

Бизнесін дамытамын дегендерге қолдау көп
ашық дереккөзі
Бизнесін дамытамын дегендерге қолдау көп
Қазіргі таңда облыста шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде атап өтерлігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңір кәсіпкерлеріне жыл басынан бері 7,2 миллиард теңгені құрайтын 118 жобаға субсидиялау түрінде қолдау көрсеткен. Сондай-ақ 115 жобаға 4,3 миллиард теңге көлемінде кепілдік түрінде бөлінген. Тілге тиек ете кететін жайт, аталмыш қор бұл қаржыны жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы арқылы берген. Бұған Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік. Расында, бүгінде кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бизнестерін дамыта бастаған. Қордың аймақтағы филиалының директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдері субсидиялау шарттары аясында өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретін ғимараттар мен жабдықтар сатып алған. Осылайша айналымдық қаражаттарын толықтыруда. – Қор қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалардан өзге, өңірлік бағдарламаны да іске асыруды қолға алып отыр. Ол бағдарлама облыс әкімдігімен бірлесе жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Яғни, облыс әкімдігі мен біздің қор арнайы қаржы қарастырып, оны екінші деңгейлік банктерге шартты түрде орналастырдық. Осылайша, аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдеріне несие берілуде. Биыл 1 миллиард теңге қарастырсақ, оны несиелеудің пайыздық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды, – дейді Бақытжан Оразқұлұлы. Бүгінде істің көзін тапқан азаматтарға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалған десек, артық айтқандық бола қоймас. Бұл тұрғыда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтағы филиалы бизнес идеяларды қолдап, оған несие беріп, субсидиялауға әрдайым дайын. Өңірде аталған қордың қолдауына ие болған кәсіпорындар жетерлік. Өңірді ас атасымен қамтамасыз етуде алдыңғы қатарда Бүгінде аймақты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігі облыс нарығында 8 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Компания цехында «Хлебный дар» сауда маркасымен бірінші сұрыпты нан, багеттер, кепкен нан мен бәліштер пісіріледі. Қазіргі таңда цехтың қуаттылығы тәулігіне 60 000 дана нан мен май өнімдерін құрайды. Ал ұнды тәуліктің тұтыну көлемі 30 тонна екен. – Компанияда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін олардың айлық жалақылары 80-160 мың аралығында. Жасыратыны жоқ, жыл сайын сұраныс артып келеді. Сондықтан өндіріс көлемін ұлғайту үшін тағы бір цех ашу керек болды. Осылайша біз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтағы филиалы арқылы 90 миллион теңге несие алып, жаңа цехтың жұмысын бастап кеттік. Бүгінде аталмыш цехтың жұмысы 95 пайызға аяқталып тұр. Келер жылдың басында цех іске қосылса бірнеше тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Негізінен, «Даму» қоры біз секілді бизнесін ұлғайтамын деген кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Себебі, онда алты айлық каникул да қарастырылған, – дейді «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Анатолий Козин. Айта кетерлігі, кәсіпкер осы жылдың шілде айында «Даму» қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жылдық 15 пайызбен 90 миллион теңге несие алса, оның  9 пайызын аталған қор субсидиялапты. Қалған 6 пайызды компания өзі өтейді екен. Шұжықтары экспортқа шыға бастаған кәсіпорын Шұжық өндірумен айналысатын «Сарыбас» жеке кәсіпкерлігі ел нарығында 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді екен. Бүгінгі күні шұжықтардың 39 түрін «Сай-ко», «Сарыбас» және «Болат және Ко» сынды сауда маркаларымен шығаратын өндіріс ошағы өнім көлемін ұлғайту мақсатында 2018 жылы «Даму» қорына жүгініп, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жаңа жабдықтар сатып алыпты. Компания басшысы Берік Сабданалиевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктен компанияға жылдық 14 пайыздан 276 миллион теңге сомасына несие беріліпті. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялапты. – Нарықта 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниямыз сервелат, күркетауық, ірімшік қосылған күркетауық, прима, бұзау, сиыр етінен шұжық шығарамыз. Біздегі цехтың өндірістік қуаты 9-10 тоннаны құрайды. Сонымен қатар кәсіпорында тұқым, пісте және жержаңғақ өндірісімен айналысатын цех та жұмыс істейді. Жалпы біздің өнім еліміздің 15 облысына жөнелтілсе, өнімімізді Ресей мен Қырғызстанға да экспорттай бастадық. Бұл көрші елдерге айына 40 тонна өнім жөнелтеміз. Бұл межелі мақсатты орындау үшін компанияда 100 адам жұмыс істесе, олардың орташа айлықтары 120-150 мыңды құрайды, – дейді компания басшысы Б.Сабданалиев. Елімізге «Ақ сарай» және «Наубай» маркаларымен танымал Өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлік нысанның бірі «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі. Компания аталған бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктен жылық 14 пайызбен 95,3 миллион теңге несие алған. Оның 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялап беріпті. Нәтижесінде компания 2016 жылдан бері нарыққа шығып, «Жеңеше» жайма өнімдері мен «Слойка» қатпарлы қамырын өндіріп келеді. – Нақты уақытта 120 адам тұрақты жұмысқа тартылса, тәулігіне 70 тонна өнім шығарып жатырмыз. Оны алдағы уақытта 120 тоннаға дейін жеткізу жоспарымызда. Өндірген өнімдеріміз елімізге танымал «Магнум», «Скиф» дүкендер желісі арқылы саудалануда. Сонымен қатар Ауғаныстан еліне ұн экспорттауды жолға қойдық. Аталмыш елге айына 1000-2000 тонна өнім жібермекпіз, – кәсіпорынның атқарушы директоры Бейбітқазы Әмірханов. Кәсібім – нәсібім деген бизнесмендер үшін қолға алған шаруаларына одан ары кеңейту үшін кейде қаржылық қолбайлау болатыны белгілі. Мұны ескерген мемлекетіміз түрлі бағдарламалардың тетігін тауып, кәсіпкерлерді барынша қолдап келеді. Сол секілді «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі «Даму» қорынының қаржылық қолдауын барынша сезініп, ұнды өлшеп, орауға арналған диірмен жабдығы мен буып-түю аппаратын сатып алған. Осылайша, ондағы өнім көлемі де артқан.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар