Былтыр қазақстандықтардың 412 сағаты кешіккен пойызды күтумен өткен
- авторjambylinfo.kz
- 12 маусым, 2024
- 427
2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздары 412 сағат кешіккен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен. Бұл туралы бүгін Мәжілісте көлік мәселелері бойынша сөз сөйлеген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
«Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалды. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. 2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактілері тіркелді. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен», - деген Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы компаниясының» қазіргі мүшкіл хәлін баяндады.
Оның айтуынша, қазір ҚТЖ-ның айналасында артық делдал көп және соның салдарынан компания орасан шығындарға батып отыр.
«Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген. Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр. ҚТЖ-ның барлық шығындары негізінен транзиттік табыстары есебінен жабылады. Бұл – экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл – банкроттыққа апаратын төте жол.Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған», - деді Смайылов.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024