жұма, 22 қараша, 2024 1:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Енді сүт фермасы барлар субсидияның астында қалады

Енді сүт фермасы барлар субсидияның астында қалады
ашық дереккөзі
Енді сүт фермасы барлар субсидияның астында қалады

Жақында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің сүт фермаларына қызығушылығын және сүт бағытындағы ірі қара малдың үлесін арттыру мақсатында Мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау ережелеріне бірқатар түзетулер енгізді.

Осының арқасында сүтті мал шаруашылығында импортталған асыл тұқымды аналық малды сатып алу үшін субсидиялау нормативі 225-тен 400 мың теңгеге дейін, отандық мал сатып алу үшін 150-ден 200 мың теңгеге дейін, сондай-ақ сүт құнын арзандату үшін субсидиялау нормативтері сынақ салмағының бір келісі үшін 20-дан 45 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бұдан басқа өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларын салуға арналған инвестициялық шығындарды өтеу мақсатында қуаты 400 аналық малдан басталатын сүтті бағыттағы ірі қара малды өсіруге арналған нысандарды құру және кеңейту үшін және 50 аналық мал басынан бастап сүт-тауар фермасына арналған жабдықтар сатып алу үшін шығындардың 25 пайызы өтеледі. Одан бөлек Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына және сүт өнімдеріне импортты алмастыру жоспарларына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын 25 өнеркәсіптік сүт фермасын пайдалануға беру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде облыс бойынша барлығы 37 ұсақ және орта сүт-тауарлы ферма жұмыс істесе, оның ішінде 18-і 50-ден 400 басқа дейінгі сүт тауарлы ферма. Олардағы сауын сиыр саны 14 мың бастан асады. Министрліктің мына бастамасынан кейін сүт бағытындағы сиыр шаруашылығының әлеуеті одан әрі арта түсуі тиіс. Бұл бағытта біздің облыстың да өз жоспары бар. – Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімді концепция қабылданып, облыста 2018-2027 жылдар аралығында жаңа 61 сүт-тауар фермасы іске қосылады, осының ішіндегі 12 сүт тауарлы фермасы – сауын сиыр саны 400 басты құрайтын ірі кешендер. Бүгінгі күнде қаржы институттары «Ырыс» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиелеумен айналысуда. Былтыр аталмыш бағдарлама арқылы «Ақжар» шаруа қожалығы 100 басқа арналған сүт-тауар фермасын іске қосса, биыл Жамбыл ауданынан «Дәулет» және «Сатжанова» шаруа қожалықтары 100 бас сауын сиырға арналған сүт тауарлы фермалары құрылысын жоспарлауда. Ал Жуалы ауданындағы «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 200 басқа арналған ірі кешен құруды көздеп отыр, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов. Жалпы биыл алғашқы жартыжылдықта елімізде мал саны 3810 ірі-қараны құрайтын 6 ірі сүт фермасы іске қосылыпты. Жыл соңына дейін тағы 16 сүт тауарлары фермасын іске қосу жоспарда тұр. Сүт фермаларын дамытуға қызығушылық танытқан фермерлерге қолдау көрсету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жақында тағы бірнеше шаралар қабылдады. «Атап айтқанда фермерлердің өтініші бойынша мал шаруашылығы кешендерін салуға арналған инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезіндегі кепіл, сондай-ақ болашақта кепілге қойылатын мал, техника мен жабдықты сатып алуға арналған несие талаптарына өзгерістер енгізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобаны іске асыру барысында кепілзат жетіспеген жағдайда несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру механизмін енгізді. Сонымен қатар фермерлер субсидия алғаннан кейін, тұрақты кепіл 15 пайыз болады. Қалған 85 пайызы сатып алынған малмен қамтамасыз етіледі», делінген министрлік таратқан ақпараттық хабарламада. Сондай-ақ бұдан былай фермерлерге өз қалауы бойынша кез келген аккредиттелген ұйымды сүт-тауар фермалары құрылысының жобаларының техникалық-экономикалық негіздемесіне және жобалық-сметалық құжаттамасына сараптама жүргізуге таңдауға мүмкіндік беріледі. Бұл құрылыс үшін құжаттарды рәсімдеу процесін тездетсе, екінші жағынан фермер шығындарын азайтады. Бұл өзгерістер ішкі нарықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, өңдеуші кәсіпорындардың аймақтарда жұмыс орындарын құру сынды бірқатар мәселелерді шешуге оң әсерін бермек. Осылайша импортты алмастыру бойынша мемлекет ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында сүтті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді қолдауды едәуір кеңейтіп отыр.

Жасұлан Сейілханов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар