ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Отандық ауыл шаруашылығын дамытпай, елімізде бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деп баса айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын ұлғайтуды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді және агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды тапсырды.
Жалпы тек биыл ғана емес, жыл сайынғы Жолдауларда ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылады. Жолдау жүктеген маңызды міндеттердің тиянақты орындалғанының нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Ал табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда асыраушы сала жыл санап алға озуда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Амановтың сөзіне сүйенсек, Президент айқындап берген бағыттар аясында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылған. – Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 30 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 7 миллиард 500 миллион теңгеге артты. Жыл басынан бері салада 272 миллиард 300 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға ұлғайды. Салаға 24 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 114 пайызға өсіп, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,8 миллиард теңге инвестиция салынды. 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 735 мың гектарға жетіп, 47,8 мың гектарға артығымен орындады. Биыл 359,3 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылып, әр гектардан алынған орташа өнім 22,7 центнерді құрады. Және 816,6 мың тонна астық бастырылып, 53,4 мың тонна өнім артық алынды. Жылдағыдан жоғары өнімге қол жеткізудің негізгі себептерінің бірі – ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 055 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 9,3 пайызға жаңартылды. Жалпы ағымдағы жылы облыстағы картоп өсіретін шаруа қожалықтарға 50, сондай-ақ «Trade-in» бағдарламасы аясында 10 және 5 пайызбен лизингке 10 ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Техникаларды жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жүргізіле беретін болады. 2018 жылы ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған механикалық жасақ арқылы биыл 127,8 шақырымды құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 11,4 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Өткен жылы аймақта жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер берген болатын. Нәтижесі де жоқ емес. Мәселен үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытында пилоттық жобаға енген ауылдық округтерде 932 гектар жерге жеміс-көкөніс және бақша өнімдері егіліп, игерілген жер 329 гектарға артты. Сонымен бірге жалпы көлемі 176,7 сотық 10 жылыжай іске қосылды. Ауыл сыртындағы 10 мың 113 гектар жер игеріліп, 2,5 мың гектарға ұлғайды және бұл жерлерден 20,5 мың тоннаға жуық мал азығы жиналды. Жобаның мал шаруашылығын дамыту бағытында 2 454 тұрғынға 6,9 миллиард теңге несие беріліп, оған 7 585 мүйізді ірі қара, 26 622 ұсақ мал, 6 793 жылқы және 3 975 құс сатып алынды. Ал жобаның бесінші бағыты бойынша пилоттық ауылдық округтердегі 12 тұрғын өз кәсіптерін ашып, 7 жоба іске қосылды. Жарқын жобаны іске асыру нәтижесінде жаңадан 589 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздар саны 48 пайызға азайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 32 пайызға кемісе, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары 35 пайызға төмендеді. Сол секілді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз 2 238 адам жеке кәсіпкер атанды, – дейді Қайрат Тілеубайұлы. Жалпы ауыл шаруашылығын қос қанатты сала десе де болады. Яғни бір қанаты егін, өсімдік, бау-бақша шаруашылығы десек, екінші қанаты мал шаруашылығы. Бүгінде өңірімізде агросаланың қос қанаты да қатар дамып келеді. Аймақта мал саны өсіп, биыл облыстағы мүйізді ірі қара саны 448,3 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға көбейген. Қой мен ешкі саны 3,3 миллионға жетіп 4,9 пайызға және жылқының саны 145,1 мыңды құрап 9,8 пайызға, құс саны 1,7 миллионға жетіп 4,6 пайызға өсіпті. Мал саны өсіп, тиісінше ауыл шаруашылығы өнімдерінің де өндірісі де артыпты. Ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт өндірісі 1,9 пайызға, жұмыртқа өндірісі 2,1 пайызға ұлғайған. Жыл басынан бері өңірдің тауар өндірушілері 126,2 тонна сиыр етін экспортқа шығарыпты (Қордай ауданынан «Оптоград» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Біріккен Араб Әмірліктеріне 9,8 тонна сиыр етін экспорттаса, қалған 105,6 тоннасы қайта өңделген түрде). Сондай-ақ сыртқы нарыққа 343,6 тонна қой еті, 316,1 тонна құс еті жөнелтіліпті. Жалпы мақаламызда келтірген деректер саланың өңір экономикасын өрге сүйреуде айрықша маңызға ие негізгі бағыттары аясында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Қайрат Тілеубайұлымен пікірлесіп және басқарманың 10 айдағы жұмысының нәтижесімен танысып шығып, асыраушы салада бұрнағы жылдармен салыстырғанда көп ілгерілеушілік бар екенін ұғындық. Яғни ел экономикасының, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда өзінің зор үлесін қосуда десек, артық айтқандық емес. Сондықтан да сала мамандарының қажырлы әрі табанды еңбектеріне табыс тілеп, еліміздің өркендеуі жолындағы игілікті жұмыстары жалғасты да жемісті болғай дегіміз келеді.
Талғат НҰРХАНОВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз