бейсенбі, 21 қараша, 2024 16:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Іссапар мен форумдар қысқарады: үнемделген 300 млрд теңге қайда жұмсалатыны белгілі болды

Іссапар мен форумдар қысқарады: үнемделген 300 млрд теңге қайда жұмсалатыны белгілі болды
Коллаж: Ернар Балғабай
Қосымша ревизия барысында бюджеттің өнімсіз шығыстары анықталды. Оны қысқартудың арқасында 300 млрд теңгеден астам қаржы оңтайландырылады

Бүгін үкіметте күн тәртібінен тыс бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту мәселесі қаралды. Аса маңызы жоқ шығындарды азайтудан үнемделетін 300 миллиард теңге экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталатын болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық экономика министрінен "бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру бөлігінде қандай жұмыстар атқарылғанын" сұрады. 

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында қаржы министрлігі тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп, республикалық бюджет шығыстарын анықтау мақсатында биылғы шығыстарға қосымша тексеріс жүргізген. 


Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша министрлік мынадай шараларды ұсынып отыр: 


Бірінші – мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарын қысқарту. Бұл іссапарлар шығындары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және тағы басқа; 


Екінші – бірінші кезекте маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалу мерзімін, мысалы әкімшілік ғимараттар салу, ағымдағы жөндеу, күрделі шығындар және тағы басқа іс-шараларды қайтадан қарау; 


Үшінші – мемлекеттік қолдаудың өнімділігі төмен іс-шаралары бойынша шығыстарды азайту; 


Төртінші – жобаларды, оның ішінде жекелеген іс-шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстарды оңтайландыру. 


«Осы талдау нәтижелері бойынша оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылып отыр. Егер сіз мақұлдасаңыз, бұл қаражат президенттің тапсырмаларын, сондай-ақ экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін республикалық бюджетті наурыз айында түзету жолымен үкімет резервіне шоғырландыру ұсынылады», - деді Байбазаров. 


Үкімет басшысы Олжас Бектенов жоғарыда аталған шараларды қолдайтынын жеткізді. 


«Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескерген жөн", - деп мәлімдеді премьер-министр. 

Естеріңізге сала кетейік, 9 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов үкіметте өткен кеңесте Қаржы министрлігіне 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуды тапсырды. 
Оның айтуынша, бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталуы керек.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар