сенбі, 23 қараша, 2024 16:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Көлеңкелі экономиканы тежеудің жолы – таңбалау

Көлеңкелі экономиканы тежеудің жолы – таңбалау
ашық дереккөзі
Көлеңкелі экономиканы тежеудің жолы – таңбалау

Қазақстан 2025 жылға қарай «көлеңкелі экономиканың» үлесін 15 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Ал «көлеңкелі экономиканы» тежеудің бір жолы – тауарларды таңбалау.

Мемлекет басшысы былтыр салықтық және кедендік түсімдердің сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 18 пайызға қысқарып, 65 пайызды құрағанын атап өтті. Бұл жалған декларациялаумен тікелей байланысты. Пандемия мен локдаун кезінде Қазақстан-Қытай шекарасының өзінде дәл осыған қатысты 50 мың факті тіркелген.

«Көлеңкелі экономика» бюджеттің салықтық түсімдерден қағылуы ғана емес. Бұл – отандық өнеркәсіпке, халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей төнген қауіп. Ел билігінің бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан. Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы қадамға баруының астарында да дәл осындай маңызды міндет жатыр. Өткен аптада ғана жаңа агенттіктің басшысы Жанат Элимановты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды.

Қазақстан «көлеңкелі эконо­ми­ка­мен» күрестің бір жолы ре­тін­де Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Алдымен тері бұйымдарын таңбалау бо­йын­ша қанатқақты жоба жүзеге асы­рылғаны белгілі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұл­та­нов былтыр өткен жиын­дардың бірінде пилоттық жоба саладағы бірқатар заңбұзушы­лық­тардың бетін ашып бергенін жет­кізді.

– Мәселен, тері бұйымдарын мін­детті таңбалау кезінде қызме­тін патент негізінде жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қыс­қарған. Соның нәтижесінде, 2018 жылы тауарларға арналған дек­­­ла­­рацияны рәсімдеген им­порт­­­­таушылардың саны 30 па­йыз­­­ға артты. Кедендік баждар мен са­лықтық түсімдердің үлесі 40 пайызға көбейді. Аталған қыз­мет бойынша ішкі салықтық түсім­дер 1,5 есе ұлғайды. Демек, жоба тиімділігін көрсетті, – деді Бақыт Сұлтанов.

Еліміздің темекі өндірісі мен саудасында да «көлеңкелі эконо­миканың» белгілері көп. Сондық­тан былтыр елімізде темекі өнім­де­рін таңбалау басталды. Бұл өн­дірушілер, импорттаушылар, дис­трибью­торлар, көтерме және бөл­шек саудамен айналысатын кә­сіп­керлер үшін міндетті қадам­ға айналды.

Тауарларды таңбалау елдегі «кө­леңкелі экономиканың» үле­­­сін қысқарту үшін қолға алын­­­ға­­ны белгілі. Бұдан бөлек, өнім­­­дер­дің қауіпсіздігін арттыру мақ­саты да көзделіп отыр. Өйт­­ке­ні дүдәмал дүниелерден тұты­нуш­ылардың жиі зардап шеге­ті­ні белгілі. Сондай-ақ жаңашылдықтың нәтижесінде, нарық­тағы өндірушілер мен кә­сіп­­керлер үшін адал бәсеке­лес­­­тікке жол ашатын орта қалып­тасады. Мемлекет үшін де пай­д­асы зор. Бірінші кезекте қазы­на­ға түсетін салықтық түсім­дер көбейеді. Сонымен қатар на­рық­тағы мемлекеттік бақы­лау­ды ұйымдастыру шығындары азая­­ды.

Қаржы министрлігі Мемле­кет­­тік кірістер комитетінің де­парт­а­мент директоры Бақытгүл Қазақ­паеваның айтуынша, темекі өнім­дерін таңбалау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңге өткен жылдың 1 қазанында өттік. Осы­лай­ша, фильтрлі және фильтр­сіз темекілер таңбалана бастады. Осы жылдың 1 сәуірінде таңба­лау­дың екінші кезеңі басталады. Бұл жолы сигара, сигарилла, элек­тронды темекіге арналған өнім­дер цифрландырылады.

Темекі қалай таңбаланады? Бұдан былай өндірушілер мен импорттаушылар темекінің әрбір қорабына DataMatrix штрихкодын жабыстыруы керек. Онда өнді­руші туралы деректер, өнім­нің сериялық нөмірі, тексеру коды шифрланған. Жасырылған дерек­терді арнайы аппаратпен оқиды. Мәселен, дүкендегі сату­шы темекі қорабындағы штрих­код­ты арнайы аппараттың көме­­гімен сканерлейді. Сөйтіп, өнім­­нің сатылғаны туралы ақпа­рат фискалдық деректердің опера­торы­на келіп түседі. Одан әрі тиісті ақпарат тауарларды таң­ба­лау мен бақылауға арналған ақ­параттық жүйеге бағытталады. Осы­лайша, темекі қорабы «са­тыл­­ды» деп белгіленіп, айна­лым­­нан шығарылады. Ақпарат­тық жүйеде өнімнің өндірілген уақытынан айналымнан шық­қан­ға дейінгі қадамы толық бақы­ла­нады.

«Айналымда таңбаланып үлгерілмеген темекі өнімдері бар. Оны не істейміз?» деген заңды сауал туындайды. Бақыт­гүл Қазақпаеваның айтуынша, 2021 жылдың 1 қазанына дейін белгілері жоқ темекілердің айна­лымда жүруіне рұқсат бері­ле­ді. Дәл осы уақытқа дейін мұн­дай өнімдер толық сатылып кетуі керек. 1 қазаннан кейін таңба­ланбаған темекі сатқан кәсіп­керлер үшін әкімшілік жаза тағайындалады. Яғни 200-500 айлық есептік көрсеткіш аралы­ғын­да айыппұл салынады және тауар толықтай тәркіленеді.

Тауарларды таңбалау мен бақылануын қамтамасыз ететін бірыңғай оператор – «Қазақ­те­­­ле­ком» АҚ компа­ния­ның Цифр­­лы экономиканы дамыту ор­та­­­лығының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, бірінші кезекте темекі өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер, өндірушілер, импорттаушылар мен дистрибьюторлар тауарлардың таңбалауы мен бақылануына арналған ақ­парат­­тық жүйеге тіркелуі керек. Бұдан кейінгі қадам – GTIN («Джитин») коды арқылы са­ты­ла­­тын тауардың барлық түрін енгізу.

– Қазір саудамен айналыса­тын­дардың бәрінде онлайн-касса­лық аппарат бар. Олардың кейбі­рінде таңбаланған тауарды сканер­леуге арналған тетіктері болады. Егер ондай тетік болмаса, сканерлеу аппаратын міндетті түрде сатып алу керек. Нарықта оның түрі өте көп. Бағасы шамамен 20 мың теңгеден басталып, мүмкіндігіне қарай 100 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, бизнес қауымдастық пен Мемлекеттік кірістер комитетінің ұсынысы бойынша таңбаланған та­уарды тіркеуге, есептен шыға­ру­ға мүмкіндік беретін арнайы мобильді қосымша әзірленді. Бұл NaqtySauda.Kassa деп аталады. Қосымшаны кез келген смартфонға тегін орнатып, пай­да­лануға мүмкіндік бар. Нарықта мұндай қосымшалар жетерлік. NurKassa, WebKassa, ReKassa деген қосымшалар жұмыс істей­ді. Сондықтан нарықта ешқан­дай монополистік әрекет орын алмайды, – дейді Бикеш Құрман­ға­лиева.

Бұл ретте темекі өндіретін отандық кәсіпкерлер таңбалауға арналған құрылғыларды сатып алу қосымша шығын екенін алға тар­туда. Б.Құрманғалиеванің пікі­рінше, мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдау мақ­са­тын­да таңбалау құрыл­ғы­ла­ры­на жұмсалатын шығынның 50 пайызын субсидиялайтын болады. Бұл шара биыл күшіне енбек.

«Қазақтелекомға» қарасты Цифрлық экономиканы дамыту орталығының акцизделетін өнім­дер­ді таңбалау бойынша жоба менеджері Алмат Исмаиловтың дерегінше, бүгінгі таңда тауарларды таңбалау мен бақылаудың ақпараттық жүйесіне 16 мыңнан астам нарық ойыншысы тіркел­ген. Олардың қатарында ірі кәсіпо­рын желілері де бар. Сон­дай-ақ Қазақстан бойынша 55 мың сканер сатылған. Бұл ел­де­гі сауда нүктелерінің 60 пайы­зы сканер­леу аппараттарымен қам­тыл­ды деген сөз.

– Уақыт өте келе саудамен айналысатын кәсіпкерлер толықтай қағазсыз жұмыс істеу жүйесіне көшеді. Таңбаланған тауарларға қатысты операциялардың бәрі элек­тронды форматта жүр­гі­зі­леді. Яғни ашықтық толық қамта­ма­сыз етіледі. Демек, мұндай са­ланы тексерудің де қажеті ­бол­майды. Жалпы, таңбалау биз­нестің жұмысын біршама оң­тай­­ландырады. Кәсіпкерлер әр­б­ір тауарды қадағалау мүмкін­ді­­гіне ие болады, – дейді Бикеш Құрманғалиева.

Еске сала кетейік, темекі өнді­­­рісі Қазақстан бюджетіне көп көлемде салық төлеп отыр. Дә­­лі­­­рек айтсақ, 2020 жылдың он айының қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің негізгі бөлігін мұнай-газ секторы құра­са, одан кейінгі орын темекі өнді­рісіне тиесілі. Бұл нарықта шетел­дік үш ірі ойыншы бар. Олар – «Джей Ти Ай Қазақстан», «Филип Моррис Қазақстан» және «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг». Аталған үш ком­пания өткен жылдың 10 айында бюджетке 240,2 млрд теңге салық төлеген.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар