сенбі, 23 қараша, 2024 2:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Көпбалалы аналар кәсіпке бет бұруда

Көпбалалы аналар кәсіпке бет бұруда
ашық дереккөзі
Көпбалалы аналар кәсіпке бет бұруда

Қазір кез келген адамның өз кәсібін ашып, іс бастауына мүмкіндік мол. Бұрынғыдай жұртшылық бизнеспен айналысу үшін әр мекеменің есігін бір қағып, сабылмайды. Тіпті мемлекет белгілі бір кәсіп түрімен айналысуға бел буған адамды тегін оқытып та жатыр. Өз идеясын жүзеге асыру үшін жоба жасау, оны қорғау, кіріс-шығысты есептеу, заңдық тұрғыдан кеңес алуға да жағдай жасалған. Тек бойда іскерлік қабілет пен бизнеске деген ниет болса жеткілікті.

Мұндай қолдау әсіресе, табысы аз, әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы аналарға көптеп көрсетілуде. Олардың кәсіп ашуы үшін мемлекет арнайы гранттар бөліп, қажет етсе жеңілдетілген пайызбен несие де беріп жатыр. Аталған қолдау шараларының арқасында өз бетінше табыс тауып, материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған көпбалалы отбасының бірі – Жуалы ауданындағы Шақпақата ауылдық округіне қарасты Сәттібай Дүйсебайұлы ауылында тұрады. Мемлекеттен 555 мың 600 теңге қайтарымсыз қаржы алған Айман Үмбеталиева мал бордақылау ісіне ден қойыпты. – Жасым 44-те, 5 баланың анасымын. Маусым айында аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелдім. Орталық мамандары аудандық кәсіпкерлік палатасына жолдады. Сөйтіп палатаның бизнес тренері арқылы 20 күннен аса уақыт кәсіпкерліктің қыр-сырына онлайн оқыту арқылы қанықтым. Одан кейін тест тапсырып, өз жобамды қорғадым. Қолыма тиген сертификаттың арқасында аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттен 555 мың 600 теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Оған ауыл маңындағы бір шаруа қожалықтан 14 қой сатып алдық. Қазіргі таңда малды бордақылаумен айналысып жатырмыз, – дейді Айман Аманбекқызы. Жалпы Жуалы ауданында 1613 «Алтын алқа», 1429 «Күміс алқа» иегері бар екен. Ал биыл 229 көпбалалы отбасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы қысқа мерзімді оқыту курсынан өткен. – Оқыту курсының алғашқы кезеңі 10 маусымда басталды. Жыл аяғына дейін 5 кезең бойынша көпбалалы аналарды бизнеске баулу мақсат етілсе, қазіргі таңда екі кезеңі аяқталып, оқытудың үшінші кезеңі жүзеге асуда. Елдегі жағдайға байланысты қабылданған карантиндік шараларға орай оқыту ісі «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы қашықтан оқыту бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оқыту курсынан өткендер 21 күнде бас-аяғы 52 сабақ оқиды. Қолына сертификат алған аналар өз кәсібін ашып үлгерді. Курсты бітіргендердің 15-і жеңілдетілген пайызбен, яғни 4 пайыз мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге несие алса, оларға берілген қаржы көлемі 32 миллион 300 мың теңгені құрады. Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған 74 адамның үшеуі кемінде 7-8 баласы бар көпбалалы ана. Оларға 555 мың 600 теңгеден барлығы 1 милллион 666 мың 800 теңге берілді, – дейді аудандық кәсіпкерлік палатасының бизнес-тренері Ілияс Дінмұхаметұлы. Ұрпақ жалғастырушы аналар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке тоқмейілсімей, осындай толайым тірліктерді қолға алып, кәсіпке бет бұрып жатса бұл елге де, өзіне де пайда әкелетіні даусыз. Бастысы «алтын құрсақты» аналардың бала табудан бөлек, бизнеске де қабілетті екені де дәлелдене бастады.

Нұрым Сырғабаев,

Жуалы ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар