сенбі, 23 қараша, 2024 3:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Карантин: экспорт пен импорт арасы...

Карантин: экспорт пен импорт арасы...
ашық дереккөзі
Карантин: экспорт пен импорт арасы...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін баса айтты. Сондай-ақ Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бірден-бір жолы импорттан арылып, экспорт көлемін екі есеге дейін арттыру қажеттігін айқындады. Осы орайда облыстың импорттық және экспорттық әлеуетін бір саралап көрген едік.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың наурыз айы бойынша жалпы құны 10,8 миллион АҚШ долларына тең 13,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі импортталған екен. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 45,3 пайыз кемігенін көрсетеді. Еуразиялық одаққа мүше елдерден биыл өңірге 10,1 миллион АҚШ долларына бағаланған 12,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі келген болса, бұл быртырғы жылмен салыстырғанда керісінше 7,6 пайызға артқанын айқындауда. Қысқасы, сырттан келетін өнімдердің санынан көз сүрінеді. Енді экспорттық әлеуетіміз қандай? Ресми мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың наурыз айындағы дерек бойынша жалпы құны 4,4 миллион АҚШ доллары болатын 28,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған екен. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемінің 46,6 пайызға кемігенін көрсетіп тұр. Әсіресе қайта өңделген өнім экспортының көлемі 1,7 миллион АҚШ долларын құрап, 41,4 пайызға төмендеген. Еуразиялық одаққа мүше елдерге шығарылатын экспорт көлемі де 57,7 пайызға құлдыраған. Бір сөзбен айтқанда импорт көлемі экспортымызды төрт есе орап кетіп отыр. Енді мұндайда не істемек керек? Жолдау жүктеген міндетті қалай орындаймыз? Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша 126,2 тонна сиыр мен 313,1 тонна қой еті экспортталғанын айтып қуантуда. Бұл ретте Қордай ауданы алдыңғы шептен көрініп, Біріккен Араб Әмірліктеріне 9,8 тонна сиыр еті мен 105,6 тонна қайта өңделген өнім жөнелткен. Сондай-ақ сыртқы нарыққа 316,1 тонна құс еті шығарылып отыр. Әрине бұл жанға демеу бола алатын көрсеткіш емес. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттен кейін, өңірдің экспорттық көлемін арттыру бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатқанын мамандардан сұраған едік. – Бүгінде облыста өндірілетін сүтті қайта өңдеуді 85 пайызға, етті 60 пайызға дейін ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 4 жылда өңірде ет өндірісін дамыту мақсатында 26 бордақылау алаңы іске қосылса, олардың сыйымдылығы 26 мың басты құрайды. Бұдан бөлек аймақта «Оңтүстік Халал Тағамдары», «Меркі» ет комбинаты, «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс атқаруда. Жыл қорытындысымен барлығы 1000 тонна сиыр, 1,5 мың тонна қой еті экспортталады. Сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін ет кластерін одан әрі дамыту шаралары белгіленді. Атап айтқанда 2020-2025 жылдар аралығында ет бағытына бағытталған 3 000 фермер шаруашылығы ұйымдастырылып, шет елден жалпы 36 000 мүйізді ірі қара сатып алынады. Осы шаралардың арқасында өндірістік бордақылау алаңдарында өндірілетін сиыр еті 2,7 мың тоннадан 6,3 мың тоннаға ұлғайтып экспорт көлемі 2,5 мың тоннаға жетеді, – дейді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Аманов. Оның айтуынша, 2020-2025 жылдар аралығында облыста өндірістік типтегі 12 ферманың, 61 отбасылық және орта сүт-тауарлы фермасының құрылысы да қолға алынбақ. Және де 5 жыл ішінде 24 мыңнан астам шет ел селекциясы негізінде алынған жоғары өнімді сиыр сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ келесі жылы 400 басқа арналған 4 жаңа сүт тауарлы фермаларының құрылысы басталады. Қазіргі уақытта жер бөлу, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Оған қажетті қаражат «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында қаржы институттары арқылы берілмек. – Осы шаралар арқылы 2025 жылға қарай жалпы сүт өндірісін 30 пайызға арттыру, ал өндірістік фермаларда сауылған сүт көлемін 2,6 есеге ұлғайту көзделуде. Бұл бағытты дамытуда кооперация қатынастарына басымдық беріледі. Сүт бағытындағы кооперативтер санын 2 есеге көбейту арқылы оларда жылына 1 мың тонна тауарлы сүт өндіріледі. Бұл шаралар 2025 жылға қарай сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 90 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұның барлығы Мемлекет басшысының салиқалы саясатының және агрофермерлерге көрсетіп отырған қолдауларының нәтижесінде іске асырылатын дүниелер. Сондықтан барлығымыз Президентіміздің Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға өз үлесімізді қосып, жаһандық бәсекеге қабілетті болу жолында аянбай еңбек етуіміз қажет, – дейді Қ.Аманов. Әрине алдағы жылдарға жоспар болғаны дұрыс-ақ. Алайда мал бордақылау алаңдарын ашып, сүт тауарлы фермаларының санын көбейткенімен импортқа тәуелділіктен арыла аламыз дей алмаймыз. Егер жоғарыдағы статистикаға көз салсақ, қарапайым картоп, сәбіз, пияз, сарымсақ, қырыққабат сынды өнімдердің өңірге сырттан келетіндігіне ішің қынжылады. Дәл сол картоптың 7017,2 тоннасы мен пияздың 17507 тоннасын биыл өзіміз сыртқа экспорттап отырмыз. Сонда бұдан кім ұтып, кім ұтылды? Міне, осы сынды керағар тірліктер көп. Осы жағын жауапты мамандар жіті сүзгіден өткізіп, таразылайды деп сенеміз.

С.Жапарұлы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар