Әлеуметтің әлеуетін көтерген жоба еді
Былтыр өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» қанатқақты жобасы іске асырылған еді. Аталған жоба негізінде облыстың 10 ауданынан 11 ауылдық округ, 25 елді мекен, 8564 аула мен 11 кооператив несиеленген болатын. Жоба 2478 тұрғынды қамтыды.
Бес бағыт бойынша жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындары үшін ең бірінші кезекте тірлігін тіктеудің таптырмас жолы болды. Ауылдарда үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, аулада мал және құс шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, ауылшаруашылық кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникаларды лизинг жүйесімен сатып алу, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу сияқты бағыттарда бірқатар жұмыс атқарылды. Бір сөзбен айтқанда, әулиеаталық әлеуметтің әлеуеті көтерілді.
Былтыр аталған қанатқақты жобаны қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Аталған жобаны қаржыландыру «Еңбек» бағдарламасы аясында іске асырылған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың айтуынша, нәтижесінде бес бағыт бойынша да өңірде жақсы көрсеткіш қалыптасты. Мәселен, 125,9 млн теңгеге 11 ауылшаруашылық кооперативі, 138,1 млн теңгеге 16 жылыжай қаржыландырылып, жалпы 6 млрд 905 теңгеге 44850 бас мал сатып алынды. Өңірде кондитерлік өнім өндіру, ет өнімдерін өңдеп, шұжық шығару, ара балын өндіру, наубайхана ашып, нан өнімдерін шығару, шырын өндірісін дамыту, сүт өнімдерін өндіру, көпжылдық шөптердің тұқымдарын сұрыптау сияқты кәсіп түрлері бұрынғыдан қарқынды дамыды. Орташа есеппен алғанда, округтерде шамамен 11,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Басқа бағыттар бойынша да аталған жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ең бастысы, шаруамен жан бағып отырған қарапайым ауыл тұрғындары үшін бұл жоба табысын арттырудың таптырмас жолы, кәсіп бастаудың көзі болды.
Шу ауданы, Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекенінің тұрғыны Асан Данбаев аталған жоба аясында мемлекет тарапынан 4 млн теңге несие алып, оған 9 бас жылқы сатып алған. Бұл күнде шаруа ауласындағы жерін пайдаланып, малын бағып, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Сол сияқты Байзақ ауданынан жобаға енген Қостөбе ауылының бірқатар тұрғыны да бүгінде мемлекет тарапынан қолдау көріп, нәтижесінде төрт түлік малын өргізуде.
Бөлінген қаражатқа тірлігін тіктеп алған ауылдағы тұрғынның ешқайсысы да бүгінде мемлекеттен бөлінетін атаулы әлеуметтік көмек алмайды екен. Мәселен, Талас ауылының тұрғыны Шовкат Шамуратов шұжық цехын ашу үшін 10 млн теңге алыпты. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінгі таңда шұжық цехы толыққанды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қостөбелік Рустам Бакуридзе де қанатқақты жоба аясында отбасымен бірге аулада мал және құс шаруашылығын дамыту бойынша 3 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде 10 бұқа, 20 қой сатып алып, оны бүгінде 15 бұқа, 50 қойға дейін көбейткен.
«Жаз мезгілінде қанатқақты жобаның «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» атты бірінші бағыты бойынша кооперативтен тұқым алып, қияр ектік. Нәтижесінде, 1,5 тонна өнім алып, ол өнімдерді ауыл тұрғындарына, дүкендерге, үлкен сауда орталықтарына өткіздік», дейді ол. Сол сияқты өңірдің барлық аудан, ауылдарында тұрғындар қанатқақты жоба аясында несие алып, көпшілігі бүгінде мал асырап отыр. Жалпы, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығымен айналысуға, мал бағуға қолайлы болғандықтан, көпшілігі осы кәсіп түрін таңдаған. Бұл бірінші кезекте ауыл халқының табысын арттырып қана қоймай, олардың өзін өзі жұмыспен қамтуына да жол ашып келеді.
Әрине өңірде жүзеге асып отырған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасының жұртшылыққа әлі де берері көп. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аталған 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 млрд теңге болатын 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіндігі анықталған. Нәтижесінде, 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі екен. Сараптама бойынша бұл қазіргі табыс деңгейінен 3 есе артық. Жалпы, алдағы уақыттарда ауылшаруашылық өнімі 34 пайызға артып, ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 30 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Алайда биылғы жылы аталған жобаны қаржыландыру жалғасын таппады. Қанатқақты жобаны қаржыландыруды сұрап, Парламент Сенатының Абдалы Нұралиев бастаған бірқатар депутатты Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған болатын. Үкімет басшысына жазған хатында депутаттар жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын айта келіп, «Қанатқақты жобаның қаржыландырылуы 2020 жылы тоқтап қалуына байланысты, сізден аталған жобаның одан әрі іске асырылуына және «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына түзету енгізуді тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, жүзеге асырылуын сұраймыз», деген.
Депутаттардың айтуынша, жобаның екінші кезеңін одан әрі іске асыру үшін әрбір ауданнан қосымша 2 ауылдық округтен, барлығы 20 ауылдық округ іріктеліп алынған. Енді 3 631 жобаға 11,5 млрд теңге қажет. Ауылдағы көпшіліктің қазіргі кезде күнкөріс көзіне айналып отырған жобасы келесі жылы мемлекет тарапынан қайта қаржыландырылса, әулиеаталық әлеуметтің әлеуеті бұдан да арта түсетіні сөзсіз.
Ал облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің айтуынша, таңдалған округтердегі 11,1 мың ауладағы халықтың жалпы саны 63,5 мың адамды құрайды. Бес бағыт бойынша жұмыс істейтін жобадан күтіліп отырған нәтиже де жоғары.
– 3631 адам келесі жылдың қорытындысы бойынша айына 45,6 мың теңгеден 162 мың теңгеге дейін тұрақты табыспен қамтамасыз етілетін болады. 2022 жылы бұл табыс 2 есеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Ал 3631 тұрғынның әрқайсысы жеке кәсіпкерге айналып, олар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін болады. Ауылдық округтерде ауылшаруашылық саласы жалпы өнімінің көлемі 2,2 есеге немесе 2,8 млрд теңгеден 6,1 млрд теңгеге дейін ұлғаяды», дейді әкімнің орынбасары.
Ал аталған жоба іске асырылған аудан немесе ауыл бөлінісінде жобаның экономикалық тиімділігіне жасалған талдауға зер салсақ, мұнда да тұрғындардың тұрмысындағы оң өзгерістерді байқауға болады. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жұмыссыздар саны 1129 адамнан 589-ға дейін азайды. Сол сияқты 589 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар 32 пайызға азайды. Өзін өзі жұмыспен қамтыған 2238 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда. Қанатқақты жобаға енген ауылдардағы үйлердің іргесінен 7687,1 тонна көкөніс өндірілді. Сол сияқты 191 дана ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Жалпы, бес бағыт бойынша да атқарылған жұмыстар нәтижелі.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ауылдықтарға көрсетіліп жатқан қолдау түрлері көп. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» қанатқақты жобасы – соның бір парасы. Биыл тоқтап қалған қанатқақты жобаға келесі жылы қаржы бөлініп, барлық бағыт бойынша жұмыстар қайта жанданса, тұрғындардың қол жеткізген табыстары бұдан да қомақты болатыны сөзсіз. Бүгіннің өзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде бір малын екі қылған ауылдағы ағайын алдағы уақытта да бұл іске бел шеше кірісуге дайын.
Жамбыл облысы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала