Ұлттық банк 2020 жылы инфляция дәлізі 4-6 пайыз шамасында болады деп болжаған еді. Алайда 2020 жылдың ортасында бұл көрсеткішті қайта қарауға тура келді. Ал инфляцияның құбылуы экономиканың өзге салаларына һәм әлеуметтік салаға әсер еткені түсінікті.
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті инфляцияға әсер еткен факторлар туралы біздің сауалымызға:
– 2020 жылдың басындағы әлемдік экономикадағы жағдайды күрт өзгерістерге толы болды деп сипаттауға негіз бар. COVID-19 вирусының таралу географиясының кеңейгені Қытай мен Еуропалық одақ сияқты қазақстандық экспорттың негізгі тұтынушыларын қоса алғанда, көптеген елдердің экономикалық даму перспективалары нашарлауының басты факторына айналды. Мұнай өндіруді қысқарту бойынша ОПЕК+ келісімдеріне қол жеткізе алмағандықтан, жағдай күрделене түсті, бұл мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне түрткі болды (бір күн ішінде 30%-ға дейін). Теріс сценарийді іске асыру нәтижесінде инфляция 2019 жылғы наурыздан бастап нысаналы дәліздің жоғарғы шекарасынан (жылдық мәнде 6,4%) шықты, – деп жауап берді.
Ұлттық банк хабарлағандай, осыған байланысты 2020 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 шілдедегі кеңестің қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейін 8-8,5 % шегінде ұстап тұру жөнінде шаралар қабылдады.
Пандемияға байланысты карантин шараларарының күшейтілуі мен төтенше жағдай жарияланған уақыт өткен жылдың наурыз айымен тұспа-тұс келген болатын. Сол себепті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «жыл соңына қарай инфляция 6-8 пайызды құрауы мүмкін» екенін айтқаны есімізде. Бұл болжам жыл соңында орындалды ма?
– 2020 жылғы наурыздан бастап жылдық инфляция белгіленген мақсатты дәлізден 4-6%-дан асты. 2020 жылдың соңында 7,5% деңгейінде қалыптасты. Бұл бұрын жарияланған 6-8% деңгейіне сәйкес келеді. Инфляциялық процестер Қазақстанда және біздің сауда серіктестеріміз болып табылатын елдерде карантиндік шаралардың әсерінен, теңгенің әлсіреуінен, сондай-ақ әлсіз бекітілген инфляциялық күтулер нәтижесінде қалыптасты. 2020 жылы инфляцияға үлес қосқан негізгі себеп – азық-түлік тауарлары бағасының өсуі, – деп хабарлады бас банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті.
Иә, 2020 жылдың соңындағы есеп бойынша баға 11,3%-ға өсті. Азық-түлік инфляциясының үдеуіне жекелеген тауарларға деген сұраныстың артуымен қатар, төтенше жағдай мен карантиндік шаралар жағдайында шикізат пен өнімдер тізбегінің тоқтауынан туындаған шектеулі ұсыныс та әсер етті.
Азық-түліктің қымбаттауымен қатар, тұтынушылардың төмен сұранысы аясында сондай-ақ карантиндік шаралар мен бөлшек сауда объектілерінің жұмысына шектеулердің сақталуы аясында орын алған азық-түлік емес және қызмет компоненттерінің тұрақты динамикасы инфляцияның одан әрі өсуін тежеді. Азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер бағаларының жылдық өсімі 2020 жылы желтоқсанда сәйкесінше 5,5% және 4,2%-ды құрады.
Ал инфляцияны біртіндеп тізгіндеуге нендей факторлардың әсері тиді? Ұлттық банк хабарлағандай, инфляцияға қысымның төмендеуі қашықтан жұмыс істеу және оқу жолға қойылуына орай жанар-жағармай материалдарына сұраныс қарқынының баяулауы әсер етті. Сөйтіп 2020 жылғы наурыздағы 3,8%-дан желтоқсанда 1,6%-ға дейін төмендеді.
Қызмет инфляциясының қалыпты өсуінің негізгі факторы төтенше жағдай кезеңінде реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуі, сондай-ақ әуе көлігі мен туристік қызметтер бағаларының төмендеуі болды.
Сонымен қатар Үкіметтің қабылдаған шаралары коронавирустық дағдарыс кезінде азық-түлік бағасының өсуін тежеуге көмектесті. Оның ішінде төтенше жағдай кезеңінде кейбір тауарлық заттардың экспортын шектеу, бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын белгілеу және осы тауарлар тобына қосымша құн салығын уақытша төмендету сияқты шараларды ерекше атап өткен ләзім.
Дегенмен, жыл соңына қарай теңгенің нығая түскені байқалды. Оны Ұлттық банк:
– Теңге бағамының динамикасы сыртқы және ішкі нарықтағы үрдістерді көрсетеді. 2020 жылғы қараша-желтоқсан айларындағы коронавирустық вакцинаның сәтті сынақтары туралы жаңалықтар әлемдік нарықтарда инвесторлардың тәбетін ашып, көптеген дамушы елдің валюталарына, соның ішінде теңгеге оң әсерін тигізді. Мұнай бағасының өсуіне вакцинаны қолданудың күтімі мен көмірсутектерге деген сұраныстың өсуі әсер етті, бұл теңгені нығайтты.
Мұнай бағасынан басқа, 2020 жылдың аяғында теңгенің нығайғандағы қосымша факторы салық кезеңі болды, онда ірі экспорттаушылар салық міндеттемелерін төлеу үшін шетел валютасын сатты. Жоғарыда аталған факторлардың үйлесуі – теңге бағамының динамикасына және оның 2020 жылдың аяғында нығаюына оң әсерін тигізді, – деп түсіндірді.
2021 жылға инфляция дәлізіне қатысты болжам қандай? Бас банктің болжамы бойынша 2021 жылы жылдық инфляция 4-6% нысаналы диапазонның жоғарғы шегіне қарай біртіндеп баяулап, одан әрі осы дәлізде қалыптасады.
– Инфляциялық серпіннің баяулауына 2020 жылы азық-түлік тауарлары, оның ішінде ет, нан-тоқаш өнімдері, күнбағыс майы, қант, жұмыртқа, қарақұмық жармасының бағасының өскеніне байланысты қалыптасқан инфляцияның жоғары статистикалық кезеңі кеткені әсер етеді деп күтілуде. Қытай мен Еуропалық одақтағы инфляциялық болжамдар нәтижесінде болатын әлсіз сыртқы инфляциялық қысым да бізге оң әсер етеді, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Соңғы айларда байқалған жекелеген тамақ өнімдері қымбаттағаннан кейін әлемдік азық-түлік бағасы біртіндеп төмендейді деген болжам бар. Азық-түліктің әлемдік бағасының қалыпты болуына астық қорларының өскені, ұсыныстың артқаны оң ықпалын тигізуге тиіс.
Эпидемиялық жағдай жақсарып, экономикалық белсенділік қалпына келген сайын тұтынушылық сұраныстың кеңейіп келе жатқаны байқалады. Бұл дезинфляциялық қысымды рет-ретімен әлсірете түседі. Сонымен бірге, инфляцияның азық-түлікке жатпайтын компонентіне нақты ақшалай кіріс төмендеген кезде тұтынушылық талғамның арзан импорттық тауарларға ауысуы да сеп болады.
Қорыта келгенде, инфляция ақылы қызметтер бағасына, көбінесе реттелетін қызметтердің қазіргі бағасы сақталуына, сондай-ақ карантиндік шектеулердің алынып тасталуына қарай реттелмейтін қызметтердің жекелеген түрлеріне бағаның өсуіне байланысты болады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Димаш Құдайбергеннің алғашқы онлайн-концерті өтті
Ұқсас жаңалықтар
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
Ақша айырбастау пункттерінде доллар 520 — 527 теңгеден саудаланып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024