Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы – Тараз минералды тыңайтқыштар зауытында кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті. Жиында өңіріміздегі ірі өндіріс орындарының 11 айда атқарған жұмысы, алдағы жоспарлары талқыланды.
Кездесуде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіровтің, «Тараз қант зауыты» серіктестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбековтің, «ТаласИнвестКомпани» компаниясының директоры Ерлан Нұрхановтың, «Тараз металлургия зауыты» серіктестігі бас директорының орынбасары Ғабит Сұлтанқұловтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашылардың сөзіне сүйенсек, өңір экономикасын өрге сүйреген өндіріс орындарының әрқайсысы материалдық-техникалық базасын жаңарту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеуге күш салуда. Инвестиция тартылып, ілкімді істер жүзеге асырыла бастаған. Жаңа жұмыс орындары құрылған. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. – Ұлттық палатаның негізгі міндеттерінің бірі – еліміздегі кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін және қолданыстағы бизнеске қолайлы құқықтық жағдайлар жасау. Осыған орай 2020 жылдың 11 айында облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бағыты бойынша 214 өтініш түсіп, 88-і оң шешімін тапты. Қорғалған мүліктік құқықтардың сомасы 320 221 253 теңгені құрап отыр. Палата өкілдері тұрақты негізде соттарда құқықтар мен заңды мүдделерді білдіру, қорғау бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен кезеңде палата өкілдері 10 сот процесіне қатысып, оның ішінде 5 іс бойынша кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарды, – деді С.Қосалиев. Ал аймақ басшысы өңір экономикасының дамуы тікелей өндіріс саласына байланысты екенін жеткізді. – Жылдың аяқталуына аз ғана уақыт қалды. 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріміз өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Атқарылған жұмыстар аз емес. Бірақ әлі де болса мол мүмкіндіктерді пайдалана білуіміз керек. Жалпы биыл өнеркәсіп өнімдері былтырғы жылмен салыстырғанда 101,6 пайызға өсті. Яғни 408 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Жылдың соңына дейін кем дегенде 102,5 пайызға жеткізуіміз қажет. Тағы айрықша айта кетер жайт, жұмыс орындарының қысқармауы, жұмысшылардың жалақысы басты назарда болуы тиіс. Қандай жағдай болмасын жұмысшыларға барлық жағдай жасалуы керек, – деді Б.Сапарбаев.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз