«Сандель» балық шаруашылығында 5 млн шабақ өсірілуде
Балық шаруашылығын игеруге ынта-жігерден бөлек, тоғанның жай-күйі, түрлі жем-шөп азықтарын меңгеру қажет. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстағы су айдындарынан жылына 5 мың тоннадан балық ауланған. Ауланған балықтардың 3,5 мың тоннасы облыстың түкпір-түкпірін шарласа, қалғаны еліміздің өзге қалалары мен Ресейге экспортталған. Ал қазір жоғарыдағы цифрларды балық шаруашылығында кездесте алмайсың. Мәліметке иек артсақ, өңіріміздегі су айдындарынан бар болғаны 1100 тонна балық ауға ілінеді. Оның 800 тоннасы Балқаш көлінен, 300-і аймақтағы ірілі-ұсақты су айдындарына тиесілі. Бұл әрине біздің облыс үшін өте аз.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі балық шаруашылығына серпін беру үшін алдымен шабақ өсіруге бейіл беру қажет екен. Қарап отырсақ, өңірде шабақ өсірумен санаулы ғана шаруа қожалығы айналысады.
Дегенмен де ауданымыздағы Гродикова ауылынан орын тепкен «Сандель» шаруа қожалығы сол қиындыққтарға мойымай, табандылық танытып, жұмыс істеп келеді. Қожалық тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсіріліп, бапталады. Шаруашылық өз тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жинайды. Бірақ тәлімбақтың мүмкіндігі бес миллион ғана. Шаруашылық шабақты 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер қажет. Қожалықтың 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасып, онда тез жерсінетін балықтың бес түрі өсіріледі. Бұдан бөлек қожалық өзге аймақтардан ақ амур, карп пен ақ талстолоб, фарель балықтарын уылдырықтан өсіруді де қолға алған
Қазіргі таңда қожалықта жұмыс қызып тұр. Тәлімбақққа қайырылған Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандары мыңдап алған шабақтарын арнайы шабақ таситын цистерналарға тиеп әкетуде.
Сонда жүрген қожалықтың бас балық өршітушісі (уылдырықтан шабақ өскенше бақылайтын маман) Нұрлан Молдабековті сөзге тартқан едік.
– Қазір келісімшартқа тұрған су айдындарына шабақ жөнелтудеміз. Жақында Есіл өзенін балықтандыру мақсатында Ақмола облысына 660 мың тұқы шабағын жібердік. Бүгін 354 мың шабақ әкетуге қайта келіп отыр. Бұған дейін жылда уылдырықтан 5 миллион шабақ өсіріп келсек, биыл оның саны 3 миллионға кеміп кетті. Оңан кедергі болған карантиндік шаралардың енгізілуі. Өйткені шабақтарға қажетті дәрі-дәрмекті біз Ресейден алдырамыз, – дейді ол.
Дейтұрғанмен, қожалық «тамақ піс, аузыма түс» деп отырған жоқ.
Бұған дейін шаруашылық Қарағанды обылысының Балқаш көліне 355 мың, Байзақ ауданында орналасқан «Қарабақыр», «Темірбек», «Сарпылдақ» және аудандағы Шайдана ауылы жанына «Сеңгірбай» өзендері мен су қоймаларына 80 мың шабақ жіберіпті.
Нұрлан Молдабековтің шабақ өсіруде тәжірибесі көп. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. 2008 жылға дейін Қарақалпақстанда шабақ өсірумен айналысса, соңғы 13 жылдан бері осы қожалықта еңбек етуде.
Естеріңізде болса, бұл тәлімбақта биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық су айдындарының басшыларын жинап, семинар-кеңес өткізген болатын. Семинарда балық шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер ортаға салынып, дамыту жолдары жан-жақты қарастырылып, тиімді әдістер назарға алынған. Әйтседе, балық шаруашылықтары су айдындарын балықтандыруға асығатын емес. Олар маймаң басып ұйықтап жүргенде Гродековадағы «Сандель» шаруа қожалығының шабағын Ақмола мен Қарағанды облысының балықшылары таласа-тармаса әкетіп жатыр. Бір айдан бері өңірдің өзен-көлдеріне бар болғаны 80 мың ғана шабақ жіберілген. Енді 290 мың шабақ жіберу жоспарлануда.
Тоған басында шабақ алуға келген Ақмола облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы басшысының орынбасары Нығмет Қуанышев үш жылдан бері «Сандель» шаруа қожалығымен келісімшартқа отырғанын, Ақмола облысының Есіл өзенін балықтандыру мақсатында шаруашылықтан тұқы мен сазан шабақтарын алатынын, өткен жылы бір миллион шабақ алсақ, биыл 1 миллион 14 мың шабақ жөнелтетінін тарқата әңгімелеген.
Ал облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекция басшысының орынбасары Болат Асамбековтің айтуынша, облысымызда 120 жергілікті маңызы бар су айдындарының жүзінде балық шаруашылығы жұмыс істейді екен. Инспекция тарапынан мемлекеттік тапсырыс болып «Сандель» шаруа қожалығы Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысын балықтандыру жұмыстарын ұтып алған. Былтыр өңірдегі су айдындарына 1 миллион 200 мыңдай шабақ жіберілсе керек.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Үздік кітапхана Айша Бибі ауылында
Ұқсас жаңалықтар
Экономика
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024