2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы облысымызда қалай жүзеге асырылуда? Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, 2020 жылға негізделген көрсеткіштерге қол жеткізілді. 808 жоба бойынша жұмыстар аяқталып, бөлінген қаражат толық игерілді. 20 мың жұмыс орны ашылса, оның ішінде 10 мыңы жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылған. Жоспарланған 1119 тұрақты жұмыс орнының 430-ы құрылса, қалғаны ағымдағы жылы ашылмақ.
Негізгі мәселенің бірі – мердігерлермен жасалған шарттарда Жол картасының мақсатына қол жеткізу бойынша жаңа жұмыс орындарын құру, жалақының шекті төменгі деңгейі және басқа да тармақтардың болмауы екен.
Ағымдағы жылы бағдарламаға нысандарды салу және жаңғырту секілді жобалар ғана енген. Жалпы құны 16,9 миллиард теңге болатын 41 жоба жүзеге асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Жобалар аяқталғаннан кейін 418 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. ЖҚЖК аясында 1,3 млрд. теңге көлемінде микрокредиттер беру қарастырылған.
Бердібек Сапарбаев ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарын құру екендігіне назар аударды. Өңір басшысы тоқсан сайын еңбек нарығының динамикасын, соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашуды, жалақы, зейнетақы аударымдары мен басқа да төлемдерді төлеудің жүйелілігін қадағалауды тапсырды.
- Әлеуметтік нысандардың қасбеттерін безендіруге, абаттандыру мен көгалдандыруға назар аударыңыздар. Техникалық және авторлық қадағалау жұмыстары сын көтермейді. Бізде құрылысы созылмалы нысандар әлі де кездеседі. Онда балалардың ойнайтынын ескерсек, бұл оқыс оқиға тап қылуы әбден мүмкін. Адамдар үшін ең бастысы – жұмысының болуы және жалақының уақытылы берілуі. Осыған байланысты еңбек инспекциясының жұмысын жандандыру қажет. Құрылыс ұйымдары тендерге алдын ала дайындалуы тиіс, олардың материалдары мен техникаларының бар-жоғын тексеруі керек. Арналар мен басқа да су жүйелерінің көктемгі дала жұмыстарының басталуына дайын болуын қамтамасыз ету үшін механикалық жасақтың белсенді жұмыс істеуі аса маңызды, - деді өңір басшысы.
Нұрдаулет АСАН
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз