бейсенбі, 21 қараша, 2024 20:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Теңге тербелмей ме?

Теңге тербелмей ме?
ашық дереккөзі
Теңге тербелмей ме?

Тышқан жылының бас режиссері болған коронавирус пандемиясы айтылған болжамдарды күл-парша етіп, өз тәртібін орнатты. Нәтижесінде, мұнай бағасы еш ережеге бағынбастан құлдырап, теңге курсы қымбаттап кетті. Сәуірдің басында 1 доллар 448,52 теңгеге бағаланып, нарықта сілкініс тудырды. Шілдеде 434 теңгеге дейін нығайды. Қарашаның соңына қарай қайта әлсіреп, 28 желтоқсанда 1 доллар 419 теңгеге дейін күшейіп алды. Ал өткен аптаның соңында Қазақстан қор биржасында доллардың орташа курсы 419,45 теңгені құрады.

Ұлттық банк 2020 жылы теңге курсын ұстап тұру үшін 1,9 млрд доллар көлемінде интервенция жасады. Тек наурыз айының өзінде 1,4 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалған.

EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, теңге үшін жұмсалған қаржы соншалықты іш күйетіндей көлемде емес. Бұл былтыр валюта нарығында жасалған барлық келісімдердің 7 пайызына да жетпейді дейді.

– Олай жасамаса, адамдар доллар сатып алу үшін жаппай айырбастау бекеттеріне барып, мұның соңы қоғамдық қарбаласқа ұласып кетер еді. Біздегі қалыптасып қалған ұғым бойынша адамдар бәріне Ұлттық банкті кінәлайды. Ұлттық банк жағдайды қалыпты ұстау үшін осындай қадамға барды. Ертең 500-ге көтеріліп кетеді деп үміттеніп, 460-470 курсымен доллар сатып алған адамдарды көрдім. Ал Ұлттық банк интервенция жасау арқылы осындай хайптардың жолын кесті, – дейді сарапшы.

Қазір мұнай нарығындағы ахуал да тұрақталғандай. Brent мұнайы барреліне 55-56 доллар көлемінде саудаланып жатыр. Бұған ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қайтадан арттыру туралы келісімі де себеп болғандай.

Дегенмен кей халықаралық сарапшылар ОПЕК+ келісімін басты фактор деп санамайды. Олар коронавирусқа қарсы вакцина­ның пайда болуы, карантин шек­теу­лерінің азаюы және «қара алтын­ға» деген сұраныстың артуы мұнай бағасын өсіреді деген ой айтады. Мұнай бағасы осы факторларға тәуелді болса, тең­ге мұнай бағасы мен рубльге тәуел­ді. Бізге сұхбат берген сарапшының айтуынша, қазір Ресей «әлсіз рубль» саясатын ұстанып отыр.

– Біздің валютаға әсерін тигі­зетін үш негізгі фактор бар, олар – мұнай бағасы, рубль курсы және доллар индексі. Маусым айында мұнай барреліне 40 доллар болып қалпына келген кезде курс 396-ға оралды. Ол кезде Ресей бюджеттің жыртығын жамау үшін «әлсіз рубль» саясатын таңдады. Бізде де 2019 жылы «әлсіз теңге» саясаты жүрген. Бұл экспорттаушылар үшін ыңғайлы. Ресей – мұнай экспорттаушы ел. Бұл қарапайым адамдардың қал­тасына ауыр тиеді. Бірақ ұлт­тық валюта курсының жасанды түрде төмендеуі экспорттаушы үшін өте қолайлы. Сол арқылы экспорттау­шы мейлінше көп экспорттық түсімге ие болады. Жақында ғана The Economist Ресей рублін «бигмак индексі» бойынша әлемдегі бағаланбаған екінші валюта деп атады. Бұл қорытынды да «әлсіз рубль» сая­сатын растай түседі. Өкінішке қарай, мұнай бағасының қалпына келіп жатқанына қарамастан, біз оған тәуелдіміз. Қазір теңге курсы 415-420 деңгейінде, өйткені рубль 74-73 деңгейінде тұрып қалды, – деді Чеботарев.

Елімізде қалыптасқан жағым­сыз үрдіс – адамдардың төл валю­таға сенбеуі. Осы сенімсіздік теңге жағдайының нашарлауына әсер ететінін адамдар түсінбейді. Ал қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев тым нығайған теңге керек емес деген пікірде.

– Биыл дәл былтырғыдай интервенция жасаудың қажеттілігі бола қоймас. Пандемия проблемасы біртіндеп тарқатылып келеді. Мұнай бағасы да қымбаттап жатыр. Соған қарап теңгенің құлдырауы емес, нығаюына деген сенім мол. Бұл ретте айта кетер нәрсе бар. Ұлттық банк теңгенің соншалықты қатты нығаюына да жол бермейді. Өйткені ол доллар сатып алу үшін нарыққа шығады. Бұл жағдай теңгенің нығаюын тежейді. Бюджет 420 бойынша жасалды. Биыл да теңге курсы осы деңгей маңайында болуы мүмкін. Жалпы, біздің эко­номикалық модель үшін аса қат­­ты нығайған теңге керек емес. Сондықтан айтарлықтай еш­теңе болмаса да теңге әлсірей береді. Неге олай? Өйткені біздің бюджет экспорттық түсімдерге (дол­лар­мен) қатты тәуелді. Экс­порттық түсім­дерді теңгеге конвертациялау кезінде біз қажетті соманы аламыз. Теңге бағамын бюджетті жасаған курс көлемінде ұстап тұру қажет, – дейді қаржы сарапшысы.

2021 жылдың ауаны өзгерек болатын сияқты. Әлемдік экономика ауа райына тікелей әсер етуші АҚШ-та билік ауысты. Сарапшылар демократ Джо Байден Ресейге қырын қарай­ды, сол себепті санкциядан тау тұрғызады деп болжам ала­ңын қыздырып-ақ жатыр. Біреу­лер биыл коронавирус қаупі сейі­леді дейді. Бірақ әлемді пан­де­мия­ның жаңа штаммы аралап келе жатқанын ескеріп, ауруды түбегейлі аулақтаттық деуге де ауыз бармайды. Әрі жаһанда вак­цинаға деген сенім де әрқилы болып тұр. Жақында CNBC жаңа президент Байденнің экономиканы қолдау үшін 1,9 трлн доллар бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Кей сарапшылар дәл осы фактор дамушы елдер валютасына серпін беруі мүмкін екенін айтады. Бірақ бізбен сөйлескен сарапшы пікірі басқаша.

– Мұнай бағасы тым қатты өседі деп ойламаймын. Шамамен алғашқы жартыжылдықта барре­ліне 55 доллар көлемінде болуы мүмкін. Қазір теңге курсы 420 болып тұр. Жобамен 415-410-ға дейін нығая аламыз. Максимал курс – 400 теңге, – дейді А.Бейсембаев.

Оның пікірінше, Ресейге қарсы бағыт­талуы мүмкін санкциялар нарықтың келбетін соншалықты өзгерте қоймайды.

– Ресейге 2015 жылдан бері санкциялар салынып келе жатыр. Олар бұл жағдайға үйреніп те қалды. Сондықтан рубльге және теңгеге Батыс санкцияларының ай­тар­лықтай әсері болады деу қиын. Бірақ Байден мүлде қатаң қадамға барса, мәселен «Газпромға» толықтай санкция, салса, «Солтүстік ағым-2» құ­рылысына шектеу қойып тастаса, виза мен мастеркард Ресей­ден іргесін аулақ салса, Ресейді халықаралық нарықтан біржола алас­таса, бұл олар үшін сөзсіз үлкен апат болады. Оның салқыны бізге де тиеді. Дегенмен осы айтылғандар енгізіле ме, жоқ па, әрине үлкен сұрақ тудырады. Өйткені мұндай әрекеттерге бару белгілі бір деңгейде аса пайдалы да емес, – дейді А.Бейсембаев.

Елімізде теңгені ұстап тұруға кететін қаржы алтын-валюта қорынан бөлінеді. 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша алтын-валюта қоры бір жыл ішінде 6,7 млрд долларға көбейіп, 35,7 млрд долларды құраған. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, Қарашығанақ консорциумынан алынған өтемақы, Азия даму банкі займы және екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банк валюта шотына түсірген қаражаттары есебінен алтын-валюта қоры құрамындағы еркін айырбасталатын валюта активтері 2 млрд долларға өскен. Ал Ұлттық қор активтері 3,1 млрд долларға азайып, 58,7 млрд доллар болды.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар